Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

1941-1945 ж.ж. Отан соғысы кезіндегі Қазақстан экономикасының рөлі

1941-1945 ж.ж. Отан соғысы кезіндегі Қазақстан экономикасының рөлі

Кіріспе

1941-45 жылдардағы қанды майдан... Ол Қазақстан жерінен қашық болса да бізге соншалық жақын болды. Украина, Белоруссия республикаларында, Фин-Балтық жағалауында қанды майдан жүріп жатқанда Қазақстанның әрбір облысында, қаласында, өндіріс орындары мен ауылшаруашылығында, ауылы мен қыстауында, бригада, звено, цехтарында тылдағы майдан жүріп жатты. Себебі коммунистік жүйе мен фашистік тәртіптің өзара текетірес соғысы басталған күннен бастап Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның Орталық Комитеті, Қорғаныс комитеті алдын-ала жасалған жоспар жасап, Қазақстанды бірден майдан арсеналына айналдырып жіберді. Өйткені, олар Қазақстанның жерінің кеңдігін, табиғи ресурстары мол екенін ескерді. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК(б)П Орталық Комитетінің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы бойынша республиканың барлық шаруашылығы, өндіріс, құрылыс орындары мен экономикасы соғыс мүддесіне бағындырылды.

  1. Өзегіміз талып жүріп, өзгені жарылқадық

Халқымыз ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы аштық нәубетінің, байларды тап ретінде жоюдың, қуғын-сүргін қасіретінен болған жарасынан толық жазылмаса да, Коммунистік идеологияның күшімен майданға қажетті қару-жарақ, оқ-дәрі даярлады, азық-түлік өндірді. Соғыс мүддесі үшін ақшалай, заттай көмек көрсетті. Ең соңғы қимас заттарын – алтын, күмістен, қымбат металдар мен асыл тастардан істелген әшекей бұйымдарына дейін Қорғаныс қорына тапсырды. 1941-1945 соғыс жылдары арасында республика еңбекшілерінен майдан қажетіне қомақты сома – төрт миллиард 700 мың сом ақша жиналған, соғыс жылдарында  шығарылған үш миллиард 184 миллион 395000 сомның заемдарын еріксіз сатып алып, Қорғаныс қорын молайтқан. Бұл – халықтың табан ет, маңдай терімен өнген 8 миллиард сом деген қомақты қаржы. Ол заманда аз қаржы емес. Бұл жерде “еріксіз” сөзін босқа қолданып отырған жоқпын. Сол кездегі осндай келеңсіздіктерді көзімен көргендер бүгін де бар. Мысалы, мен танк колонналары мен авиация эскадрилияларын жасау қорына ұжымдағы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы ретінде ақша жинаушының бірі болдым. Заемдарды сатып аларлық қаржы таппағандарға еңбеккүн есебінен ұстауға ведомстволарға қолдарын қойғызған есеп қызметкерінің куәгері ретінде қатыстым. Бұл бір ғана ауылдағы жағдай емес, республика көлемінде қолданылған ақша өндірудің бірден-бір тәсілі болған әрекет. Міне, осындай тәсілмен жиналған ақша, жылы киім, азық-түліктерді майдандағы жауынгерлердің жаңа жылы мен Қызыл әскердің туған күніне , 1 мамыр, Қазан төңкерісі секілді мерекелеріне вагон-вагон сыйлықтар жіберуді дағдылы іске айналдырды. Бұл жөнінде деректер мұрағат құжаттарында жеткілікті. Соның бір дерегі ретінде соғыс жылдары майдандағы жауынгерлерге 3 миллион дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жіберілгендігін айтсам да жеткілікті болар.

       Соғыс жылдарында Қорғаныс қорына, майдангерлерге жіберілетін жоғарыда айтылғандай сыйлықтар, жылы киімдер, азық-түліктер, майдангерлердің отбасына, Қазақстанға көшірілген халықтарға көрсетілетін жәрдемдер есебі адам жаңылдыратын есепсіз көп салықтардан тыс жиналды.

       Ол да оңайлықпен жиналған жоқ. Ұраншылдықпен, күшпен жүзеге асырылды. Көзі тірі куәлердің айтуынша, мысалы, 1941-1945 соғыс жылдарында әр отбасы үйінде тышқақ лағы жоқ болса да 50 келі ет, 3 келі сарымай, тауығы жоқ болса да 30 жұмыртқа тауып беруге міндетті болды. Олар табылмаған күнде орнын ақшамен өтеуге тиіссің. Ол кезде ақша табу қасқалдақтың қанын табумен бірдей еді. Тапқан азық-түлігіңді, мүлкіңді салық үшін сата қоятын жақын жерде базар да жоқ. Салықтан құтылмаса ол жерде тұруға қақысы жоқтығына көзі жеткендер өтетін нәрселерін арқалап, 100-200 шақырым жердегі базарға жаяу шұбыратын. Не қалт-құлт етіп отырған еңбекші отбасы бала-шағасының аузынан жырып астығын, асқатығын беріп құтылады.Ауылшаруашылығында еңбек еткен әйелдер құл орнында жүрді.

       Шаруаның тозағы мұнымен де бітпейді. Олардың әрқайсысы екі пұт тұқымды арамшөп дәндерінен, күрішті күрмегінен тазартып беруге міндетті.Ол да бір өзінше ауыр жұмыс. Қойма меңгерушісі таза тұқымнан айыған арам шөп дәндері мен күрмегін өлшеп, кемін мойнына жазады.Кейін еңбекақыңнан ұстап қалады. Міне, осындай сан-сапалық жұмыстың арасында жүріп әйелдер майдандағы жауынгерлерге көйлек, орамал, кеудеше, тон тігіп, шұлық тоқып беру тапсырмасын сөзсіз орындауы керек.Ол үшін дайын жүн таппағандар ескі көрпелерін сөгіп, оны түтіп, иіріп, белгіленген күні комиссияға тапсырады. Ол орындалмаса майданға қарсылық жасаған жан болып шыға келеді.

       Өзі талып жүріп, өзгені жарылқады.

       Әділдігін айтқанда, бұл кезде Қазақстан еңбекшілері, әсіресе, қазақтар өздері ішер асқа, киер киімге жарымады. Тіпті ауылдарда қауақтан  қасық, ожау, тостаған, жыңғыл тамырынан қасық жасап күн көрді. Маңғыстаулықтар балшықтан сабын жасап пайдаланды. Қазақстанның көптеген жерлерінде жыңғыл, қоян сүйек, жиде, тал, т.б. ағаштардың тамыры мен қабығын қайнатып бояу алып көндерін бояп, аяқ киім жасап киді. Бірақ, жатжұртқа, майданға бар тәуірімізді бердік.

       Жасыратын несі бар, мұндай қайырымдылық Қызыл империяның Қысымымен істелді. Өйткені, осындай қамқорлық жасалып жатқан кезде Қазақстанның бірқатар облыстарында 1932 жылғыдай адам жеу фактілері болмағанымен, өзегі талып өлмес үшін қоғаның түбіртегі мен қамыстың борығына дейін жеп күнелткен жандар болды. Өзімізді өзекке теуіп, өзгені жарылқаудың салдарынан еңбекке жарамсыз қарттар мен әйелдер, балалар қайыршылық етті. Бір уыс бидай алғаны үшін ұры атанып, халық жауы болғандар қаншама?! Амал не, бұл келеңсіздіктер күні бүгінге дейін темір қақпақпен жабылып, кілттеулі жатыр.

       Қазақстан еңбекшілерінің, әсіресе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары еңбекшілерінің соғыс жүріп жатқан аудандардан кезінде айдалып келген малдарды екі жылдан астам уақыт бағып, күтіп, өсімімен 1943 жылы 5 қыркүйекте өздеріне кері қайтарып бергенін айтпасқа болмайды. Себебі, бұл да қамқорлықтың, қайырымдылықтың, кең пейіл, адал жүректің бір белгісі екендігіне ешкім дау айта қоймас. Өйткені, бұл бір-екі бас мал емес, 82000 бас мал. Оның ішінде 18000 бас мүйізді ірі қара, 49300 бас қой, көптеген түйе мен жылқы бар. Бұл малдардан Ростов облысына 20000, Сталинград облысына 21000, Қалмақ АКСР-на 32800 бас мал айдалды. Қазақстандықтар- дың өзегі талып жүріп жасаған жомарт жүрегінің жылуы мұнымен де шектелмейді.

1941-1945 соғыс жылдарында да мұндай азапты жұмыстарды тылдағы майдан ерлері – қарттар мен әйелдер, кәмелетке толмаған жастар істеді. Олар өлмешінің күнін көрсе де, ерлікпен еңбек етті. Майдандағы жауынгерлерді соғыс техникалары мен азық-түлікпен, жылы киіммен қамтамасыз етті.

  1. Республиканың еңбек және материалдық ресурстарын майдан мұқтажына жұмылдыру

        Жұмысшы табы: Қарағандының шахтерлері, Балқаш металлургтері, Жезқазғанның мыс қорытушылары, Шымкенттің қорғасыншылары, Ембі мұнайшылары, Түркістан-Сібір және Қарағанды темір жолдарыныңтеміржолшылары жоғары патриотизм мен ұйымшылдық көрсете отырып, тыл еңбеккерлерінің күрделі әскери-шаруашылық міндеттерді шешкен кезде алдыңғы сапында болды.

       Соғыс жағдайына сай жұмыс істей отырып республиканың металлургтері 1941 жылғы июльде айлық тапсырмаларын асыра орындады. Ертіс мыс балқытушылары “өздерін қорғаныс жұмысына мобилизацияланған” деп жариялады. Қаншама күш –жігер жұмсау керек болса да,-деп жазды олар,-біз елімізге және Қызыл Армияға фашистік басқыншылардың  желкесін үзуге қанша керек болса, сонша металл береміз”.

       Соғыс жағдайындағы еңбек вахтасында тұрғанЛениногорск руднигінің бұрғылаушысы коммунист Г.Хайдин 1941 жылғы 19 қыркүйекте сменалық тапсырмасын 1230 процент орындады. Онымен жарысқа түскен кенші Н.Добродеев 25 қыркүйекте оның рекордынан асып түті. Республиканың жүздеген алдыңғы қатарлы кеншілері олардан үлгі алды. Олар жан аямай еңбек етті.

        Майдан  маңдай алды ұрыс техникасын, оқ-дәрі мен азық-түлікті ғана емес, сонымен бірге киім-кешекті, жабдықты талап етті. Сан миллиондық  совет армиясын киіндіру, оны киім-кешекпен, жабдықпен қамтамасыз ету соғыс  жағдайында оңай шаруа болған жоқ. Республикалық жеңіл және тоқыма өнеркәсібінің  қызметкерлері де соғыс заказын орындау үшін өз жұмысын қайта құрды. Өнеркәсіптің бұл салалардың бұрыннан бар кәсіпорындары да, сондай-ақ  жаңадан келгендері де ең алдымен шинель,    гимнастерка, пима, аяқкиім, жылы сырт киім т.б шығаруға көшті. 1941 жылдың екінші жарты жылдығында Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп орындары 116 мыңдай шинель, 329 мың гимнастерка, 322,5 мың жазғы шалбар, 160,6 мың жылы сырт киім, 170 мың пима және т.б. шығарды. Көптеген кәсіпорындар соғыс жағдайына сай жұмыс істеп, өнім шығару жоспарын асыра орындады. Жергілікті өнеркәсіп халық комиссариатының жоспардан тыс өндірген өнімінің құны ғана 30 миллион сомнан асты.

Қазақстанның теміржолшылары да аса зор жұмыс атқарды. 1941-1942 жылдары теміржол бойымен Қазақстанға бір миллионға жуық эвакуацияланған халық, өнеркәсіп орындары жабдықтарының аса зор көлемі көшіріліп әкелінді. Теміржол транспорты майданды не қажеттің бәрімен жабдықтап қоймай, сонымен бірге қорғаныс заводтарына қажетті стратегиялық шикізат жеткізіп отырды. Поездардың жүрісі айрықша әскери графикке көшірілді.

        Қарағанды-Магнитогорск теміржолының жүк өткізу қабілетін арттыру

үшін Ақмола-Қарталы линиясы қатарға қосылды.Түркістан-сібір жолының

1941 жылғы 29 желтоқсанда СССР қатынас жолдары халық комиссариатына жолдаған мына телеграммасы Қазакстан теміржолшыларының іркілсіз жұмысын сипаттайды: “Түрксіб жылдық жоспары 251 850 вагон болған жағдайда 28 желтоқсанда 254 623 вагон тиеді. Жылдық жоспар мерзімнен бұрын орындалды. Жылдық жоспардан тыс 8200 вагон құрылыс жүгі тиелді.”

       Соғысқа дейінгі уақытта республикада кең өріс алған жақсы-жайлы           жолдар салу жолындағы халықтық қозғалыс соғыс жылдарында да жалғаса берді.1942 жылы Алматы облысының сегіз ауданы колхозшыларының инициативасы бойынша ұзындығы 76 километр Лепсі станциясы - Андреевка жолының құрылысы жеделдетілген әдіспен басталды. Егін орағы жұмыстары басталуы қарсаңында 71,5 километр жол төселді. Жамбыл облысы колхозшыларының күшімен 134,3 километр жол төселді. Ағадыр- Ақшатау, Састөбе-Келтемашат жолдары қатарға қосылды.

        Жұрт қажып-шаршау дегенді білмей еңбек етті. 1941 жылғы егін орағы егіншілер үшін ғана емес, сонымен бірге тылдың барлық еңбеккерлері үшін де ауыр сын болды. Астық жолындағы күрес күндіз-түні бір толастаған емес.

       1941 жылы республика бойынша негізінен алғанда колхоздар есебінен 100 271,1 мың пұт астық дайындалып, Отан қоймасына құйылды.

       Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Созақ, Шаян және Түркістан аудандарының мақташылары шитті мақта өткізу жоспарын 23-57 процент асыра орындады. Арыс ауданындағы “полезный труд” колхозы 440 гектар

жердің әр гектарынан 31,5 центнердан мақта жинады.1941 жылы Қазақстанда мақта егу тарихында тұңғыш рет егіннен мол өнім алынды. Республикада мақта дайындаудың жылдық жоспары 111,8 процент орыдалды.

        Қазақстанның егінжай еңбеккерлері 1941 жылы сондай-ақ мемлекетке қант қызылшасы мен темекі өткізуде де ерекше көзге түсті. Қант қызылшасының жалпы түсімі 4433,9 мың центнер болды, ал 1940 жылы 3846

 мың центнер болған еді. Темекі өткізу жоспары асыра орындалды.

  1. Теміржол транспорты

       Қазақстанның  теміржол транспорты майдан мен тыл қажеттерін қамтамасыз етуде маңызды роль атқарды. Совет-герман майданында әскери-стратегиялық жағдайдың өзгеруімен байланысты қорғаныс және халық шаруашылығы жүктерінің тасымалдану бағыты да өзгерді. Қазақстанға эвакуацияланған кәсіпорындар мен жаңа өнеркәсіп объектілерінің пайдалануға берілуіне орай жүк тоғысатын жаңа тораптар мен темір жол линиялары пайда болды.

       Өндіргіш күштерді орналастырумен жүк тасқынының өзгеруіне орай  жолдардың өткізу қабілетін арттыру жөніндегі жұмыс жүргізілді, екінші жолдар, қосымша разъездер, станция жолдары, жөндеу-өндірістік базалары салынды. Республика теміржол транспортының материалдық-техникалық базасы анағұрлым нығайды.

       Коммуникациялардың өткізу қабілетін барынша арттыра отырып, Қазақстанның теміржолшылары, жоғарыда атап көрсетілгендей, сонымен бір мезгілде жаңа линиялар төседі. Теміржол линияларының ұзақтығы 1940

жылғы 6581 километрден соғыстың аяғына таман 8,2 мың километрге дейін артты. Теміржолшылар республиканың болат магистралі бойымен жүктерді толассыз тасымалдауды қамтамасыз етті. Руда мен мұнай өнімдерін жеткізу төрт есе, көмір мен қара металл жеткізу екі есе өсті.

       Совет территориясын окупанттардан азат етудің барысында Қазақстанның мыңдаған теміржолшылары РСФСР-дің батыс облыстары мен Украинаның теміржолдарын қалпына келтіруге қатысты.

       Транспортта отынға жеке локомативтерді жөндеуге арналған қаржыларды үнемдеу жолындағы күрес өріс алды. Түркістан – Сібір жолында локомативтерді күтіп ұстаудың озық әдістерін қолдану 1944 жылы төрт мың тоннадан астам отын мен локомативтерді жөндеуде 210 мың сом қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді.

  1. Колхоз шаруаларының еңбектегі ерлігі

Игерілмеген ұлан-ғайыр құнарлы жерлері бар Қазақстан егістік алқаптарын ұлғайтуда үлкен роль атқарды. 1942 жылы республика колхоздарының жалпы егіс алқабы 1940 жылмен салыстырғанда 1,1 миллион гектарға, оның ішінде дәнді дақылдар алқабы 872,4 мың гектарға артты.

       1942 жылдың 1 январында республикада 6809 колхоз боды. 1942 жылы республиканың селолық жерлерінен Қызыл Армия қатарына және өнеркәсіп орындарында жұмыс істеуге 215,5 мың ерлер кетті. Соғыс жағдайын ескере отырып, совет үкіметі еңбекке қабілетті әрбір колхоз мүшесі жыл ішінде өндіруге тиісті міндетті еңбеккүн минимумын белгіледі Қазақстанның колхозшылары үшін бұл минимум 120 еңбеккүн болды. Еңбекке қабілетті әрбір колхозшы атқарған жалпы еңбеккүн мөлшері республикада бейбіт кезеңдегі 1940 жылғы шамамен 250 еңбеккүн соғыс жылдарындағы 350 еңбеккүнге дейін көтерілді.

       1942 жылы республикада 84,3 миллион пұт астық дайындалып, дәнді

дақылдардың шығымдылығы орта есеппен әр гектардан 7,9 центнерден айналды. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Семей облыстарының колхоздары астықпен басқа да ауылшаруашылығы өнімін тапсыру жоспарын орындады.

       Көптеген озат колхоздар мен звенолар, сондай-ақ социалистік жарыс озаттары-колхозшылар қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп, мол өнім алды.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы “Құрман” колхозының (қазір

Ш.Берсиев атында) звено жетекшісі Ш.Берсиев тарының қуаңшылыққа төзімді, жоғары өнімді, жергілікті климат жағдайына икемді сортын (оның есімімен “Берсиев” деп аталатын сортын) өсіріп шығарды. Ш.Берсиев 1942 жылы әр гектардан 175 центнерден, ал 1943 жылы 202 центнерден өнім жинады.

       Қазақстанда күріш өсірудің шеберлері Ы.Жақаев пен Ким Ман Сам күріштен мол өнім алды. Соғыс кезінде Шиелі ауданының “Авангард” колхозындағы Ким Ман Сам 1942 жылы әр гектардан 154,9 центнерден күріш жинады, сол аудандағы “Қызыл ту” колхозынан Ы.Жақаев 1943 жылыәр гектардан алынатын күріш шымылдығын 172 центнерге дейін жеткізді, ал 1943 жыл қуаңшылықты, түсім аз жыл болған еді.егіншіліктің әйгілі шеберлері Ш.Берсиевтің, Ы.Жақаевтің және Ким Ман Самның арқасында Қазақстан тары мен күріш өнімінің дүние жүзілік рекордтарының отанына айналды.

       Республиканың партия және совет органдарына мал қыстауымен байланысты күрделі міндеттерді шешуге тура келді. Соғыс жағдайында миллиондаған малды жемшөппен қамтамасыз ету, оның үстіне жемшөптің сақтық қорын жасау оңай емес еді.

       Партия мен үкімет халықтың сан ғасырлық тәжірибесіне сүйене отырып, жайылымдық мол жерлерді мал отарлары үшін жазда ғана емес, сонымен қатар қыста да пайдалануды ұсынды. Колхозшылар қажырлы еңбектің нәтижесінде мал қыстатуды қамтамасыз ете алды.

       1942 жылы Қазақстанның колхоздары мен совхоздарында мал саны артты. Республика колхоздары 1942 жылы ет тапсыру есебіне 160,4 мың ірі қара мал өткізді, мұның өзі 1941 жылға қарағанда 2 еседей көп еді, сондай-ақ 878,1 мың қой (1941 жылы – 189,8 мың қой өткізілді) , бұл 1941 жылға қарағанда 3 еседей көп болатын.

       1943 жыдан бастап республика малшылары мемлекетке ет тапсырудың негізгі көлемімен қоса жыл сайын жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясының қорына жоспарлы тапсырмадан тыс жүздеген мың центнер ет өткізді.

       Қазақстанның колхозшылары мен колхозшы әйелдерін колхоздардың мал шаруашылығын өркендетуде жеткен табыстарымен құттықтай отырып, М.И.Калинин былай деді: “Сіздердің табыстарыңыз совет халықтарының гитлершіл басқыншыларға қарсы күрестегі күш-жігеріне қосылған зор үлес болып табылды. Қазақстанның колхозшы шаруалары – ерлер, әйелдер мен жастар зұлым дұшпанды тез арада талқандау үшін майданға қажеттінің бәрін беруге бұдан да зор күш-жігермен, шеберлікпен және ыждағатпен жұмыс

істейтініне мен сенімдімін ”.

       Алайда, тыл еңбеккерлерінің жетістіктері қаншалықты зор болғанмен де, сұрапыл зор шайқас майданға ұрыс техникасын, қару – жарақтар мен  азық-түлікті үсті-үстіне көп беруді талап етті. “Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!” – деген сөздерді Қазақстан еңбеккерлері жауынгерлік ұран етіп берік ұстады.

  1. Майдан мен тылдың бірлігі. Елдің қорғанысына қаражат жинау

       Тыл мен майданның мызғымас бірлігі тылдың ерлік еңбегінен ғана емес, сонымен бірге майданға көмек көрсету жөніндегі бүкіл халықтық патриоттық қозғалыстан, халықтың Совет Армиясы жөніндегі орасан зор қамқорлығынан айқын көрініс тапты. Майданға ерікті түрде көмек көрсету жөніндегі халықтық қозғалыс бір ғана мақсатты – майдан мен тылдың бірлігін нығайтуды, жауды талқандауды тездетуді көздеді.

       Елдің қорғаныс қорын жасау жолындағы кең өрістеген бүкіл халықтық қозғалыс советтік патриотизм көрінісінің тамаша формаларының бірі болды. Советтік патриотизм сезімінің күшімен бүкіл еліміздің еңбекшілері сияқты Қазақстан еңбекшілері соғыстың алғашқы күндерінен-ақ қорғаныс қорына өздерінің қаражаттарын, мемлекеттік заемдер облигацияларын, алтын, күміс, қымбат бағалы заттарын өткізді. Жұмысшылар мен қызметшілер қосымша жұмыстарға шығып, жексенбіліктер өткізді, ол тапқан ақшаларын қорғаныс қорына аударды. Соғыс жылдарында Қазақстан еңбекшілерінен

қорғаныс қорына барлығы ақшалай және бағалы заттармен есептегенде бір миллиард сомнан астам қаржы түсті. Сонымен қатар еңбекшілер мемлекетке қарызға 1940 жылға қарағанда соғыстың 1-заемы бойынша екі есе, соғыстың 2-заемы бойынша-үш жарым есе және 3-заемы бойынша-төрт жарым есе көп қаржы берді. 1941-1945 жылдар ішінде республика бойынша мемлекеттік заемдардан түскен қаржының жалпы сомасы барлығы 3 181 395 мың сом болды.

       Бүкіл еліміздегі сияқты Қазақстан еңбекшілері ақшалай-заттай лотереялардың шығарылуын бірауыздан қолдап, 538 миллион сомның лотереясын алды.

       Майданға жасалған бүкіл халықтың қамқорлық қару-жараққа қаржы жинаудан да көрінді. Қазақстанда оған Шымкент теміржол торабын комсомолецтер инициатор болды.1941 жылғы октябрьде, Москва түбінде ауыр ұрыстар жүріп жатқан күндерде олар барлық комсомолецтер мен жастарды Қазақстан комсомолы атындағы танк колоннасына қаржы жинауды бастауға шақырды. 1942 жылдың қыркүйегінен өзінде-ақ комсомолецтер мен жастар танк колоннасына 11 650 мың сом жинады, сөйтіп көп кешікпей майдан “Қазақстан комсомолы” деген белгісі бар 45 ұрыс машинасын алды. Арал қаласы комсомолецтерінің инициативасы бойынша 1942 жылғы 21 октябрьде республика жастары самолеттер мен истребительдер эскадрильясын құруға қаржы жинай бастады.

       Республика колхозшылары “Қазақстан колхозшысы” танк колоннасын

жасауға қаржы жинады. Сонымен бірге Совет Армиясы мен өнеркәсіп орындары жұмысшыларының қорына олар 782 мың пұт астық, 82 мың пұт күріш және 34 мың пұтқа жуық басқа да ауылшаруашылығы өнімдерін өткізді.

       Алматы селолық ауданы колхозшыларының инициативасы бойынша село еңбеккерлері “Советтік Қазақстан” авиациалық құрамасын жасауға қаржы жинай бастады. Бірнеше күннің ішінде бұл қорға 100 573 мың сом ақша, 842 533 пұт астық, 46 203 пұт күріш және 32 185 пұт басқа да ауылшаруашылығы өнімдері түсті.

       Қалалардың еңбекшілері жеке жинақ қаражаттары мен еңбек ақысын “Қазақстан металлургі”, “Қазақстан мұнайшысы”, “Қарағанды шахтері”, “Түрксибші”, “Озық ғылым үшін”, “СССР медицина қызметкері”, “Қазақстан кооператоршысы”, “Қазақстан пионері”,”Қазақстан осоавиахимшісі”, “Совхоз жұмысшысы” және басқа да танк колонналары мен авиаэскадрильялар жасауға өткізді. Түрксіб теміржолшылары мен олардың отбасы мүшелері ғана “Түрксибші” танк колоннасын құруға 3133 мың сом, ал авиаэскадрилья жасауға 107 мың сом өткізді. “Қазақстан комсомолы”, “Қазақстан пионері” торпедолық катерлерін, сүңгуір қайықтарын, есімі жазылған самолеттер мен танктер және т.т. жасауға ақша жиналды. Майданға көмекке еңбекшілер коллективтерінің қаржыларына ғана емес, сонымен бірге жекелеген азаматтардың жинап қаражаттарына да самолеттер мен танктер жасала бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ ССР-інің еңбекшілері танк колонналары мен авиаэскадрильялар құруға 723 миллион сом өткізді.

       Република еңбекшілері Совет Армиясының жауынгерлері үшін майданға жылы киімдер жинап жіберіп отырды. Алматы селолық ауданы колхозшыларының инициативасы бойынша соғыс жылдарында майданға 2.5 миллион данадан астам сомның түрлі жылы киімдері жиналып жіберілді.

  1. Азат етілген аудандарға көмек

       1944-1945 жылдары майдан арсеналдарының бірі – Қазақ республикасының - өнеркәсіп орындары елдің қорғаныс өнеркәсібінің қажеттері үшін аса маңызды стратегиялық материалдар мен шикізаттар өндіру қарқынын арттырды. Қол жеткен табыстарды баянды етіп және жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды ұлғайта отырып, республика еңбекшілері жаңа өнеркәсіп объектілерін іске қосты. Совет геологтарының күш-жігер жұмсауы арқасында Қазақстан пайдалы қазбаларының ондаған жаңа кен орындары ашылды.

        Қазақстан полиметалл рудаларын, түсті және сирек металдар қазу мен өндіру жөнінде елде жетекші орын алды. Балқаштың, Кенді Алтайдың, Жезқазғанның, Ащысайдың және басқа кәсіпорындардың кеншілері ұдайы әскери вахтада тұрып, жеңіс жолында аянбай еңбек етті.

        Республиканың тамақ және жеңіл өнеркәсібі майданды азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтауда зор роль атқарды. Тамақ өнеркәсібінің ондаған кәсіпорны армияға арналған өнімдер – кептірілген овощ пен жеміс, сухарь, С витаминін өндіруге көшірілді. Қазақстанның ет-сүт өнеркәсібі түгелдей майданға қызмет етіп, төрт жыл ішінде өнім өндіруді 50 процентке арттырды.

       Тамақ өнеркәсібінің 36 объектісі, оның ішінде май-экстракция заводы, Алматы кондитер фабрикасы, Қарағанды ұн тарту комбинаты салынып, пайдалануға берілді.

       Тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары майданға және елдің өнеркәсіп орталықтарына 31,4 мың тоннна нан өнімдерін, 1,6 мың тонна кондитер және макарон өнімдерін, қорғаныс өнеркәсібі мен емдеу мекемелерінің қажеттері үшін 633 мың декалитр спирт және өнімдердің басқа да түрлерін шығарып, жөнелтті. 1944-1945 жылдары Қазақстанның балықшылары жүздеген мың тонна балық аулады.

       Тігін және аяқкиім фабрикалары мен кәсіпшілік кооперациясының артельдері СССР Қорғаныс халық комиссариатының заказын орындай отырып, Совет Армиясы үшін киімнің, аяқ-киімнің және әр түрлі әскери жарақтың 50-ден астам түрін беріп тұрды. Қазақстан кәсіпорындарында дайындалған өнім бірнеше жүздеген дивизиялардың қажеттерін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

       Сонымен бірге Алматы кәсіпорындары   поляк  және  чехословак

 армиясын,  Югославия халық-азаттық армиясын және Совет Армиясымен бірге фашизмге қарсы шайқасқан басқа да шетелдік әскери бөлімдерді киіммен және әскери жарақпен жабдықтап тұрды.

       Өнеркәсіптің жоғары қарқынмен дамуының нәтижесінде соғыс жылдарында республиканың халық шаруашылығындағы өнеркәсіптің жалпы өнімінің үлес салмағы 1940 жылғы 60 проценттен 1945 жылғы 66 процентке дейін өсті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

Совет халқы мен оның Қарулы Күштері бұдан 60 жыл бұрын адам баласының қас жауы фашизмді талқандады. 1945 жылы 8 мамырда Совет Қарулы Күштері мен оның одақтастарының алдында неміс-фашист әскерлері сөзсіз тізе бүкті. Коммунистік партияның басшылығы мен совет халқы Ұлы

 Отан соғысында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалды, Европа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды.

Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын совет халқы ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады.Соғыстың барлық ауыртпалықтарына төзіп, қазақ халқы жеңісті қамтамасыз ету жолында қолдан келгеннің бәрін істеді. Мектептегі жас бала мен еңкейген кәріге дейін бір кісідей майданға қызмет етті, советтік патриотизмнің сан-алуан үлгілерін көрсетті.

Қазақстан еңбекшілерінің майдан қызметіндегі патриоттық жқмысы осындай болды. Өз отанын қорғау жолында, соғыстың небір қиын сәттерінде майданға барынша көмектесіп, жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан абзал совет патриоттарының еңбегі еліміздің ерлік шежіресінен лайықты орын алды.

Қазақстан еңбекшілерінің азат етілген аудандарға көмек көрсету жөніндегі патриоттық қозғалысы - СССР халықтарының туысқандық достығы көріністерінің бірі –совет тылының мызғымас беріктігін көрсетті.

                  

 

 

 Қолданған әдебиеттері:

  1. Т.Балақаев, Қ.Алдажұманов. “Қазақстан еңбекшілері майдан қызметінде”, ІІ тарау (60-165 бет). Қазақ ССР-інің “Ғылым” баспасы. Алматы 1985 жыл
  2. “Ана тілі” газеті, 8-ші номері(8-9 бет), ақпанның 24-і, 2005 жыл.
  3. “Тағзым” газеті, 2-ші номері(2 бет), 5 мамыр, 2002 жыл.. К.С.Әбжанов,

           доцент, тарих ғылымдарының кандидаты.

  1. Ә.Бектемісов “Жау жағадан алғанда”, ІІ-тарау, І-бөлім. Алматы-1997.
  2. Д.Жамбылов. “Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс”, ІІІ-тарау, ІІ-бөлім (1940-1980 жыдардағы Қазақстан ), 126-130 беттер. Алматы “Жеті Жарғы” 2001 жыл.
  3. Ә.Әбдікімұлы. “Қазақстан тарихы”, 16-шы бөлім, 212-227 беттер.
  4. “Қазақ ССР тарихы”, V-том, ІІІ-ші, ІV-ші тарау, 112-227 беттер. Ш.Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институты.
  5. Бас редакциялық коллегия: С.Б.Бәйішев, С.Б.Бейсембаев, Г.Ф.Дахшлейгер (бас редактордың орынбасары), І.К.Кеңесбаев, Ә.Х.Марғұлан, Ғ.М.Мүсірепов, А.Н.Мүсіпбеков (бас редактор), Б.С.Сүлейменов, Б.А.Төлепов
 

Похожие материалы