Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

20 испандық компания Қазақстанда бірлескен бизнес ашуды көздеп отыр

20 испандық компания Қазақстанда бірлескен бизнес ашуды көздеп отыр

Испания Корольдігінің Сыртқы істер министрі м.а. Х.М.Гарсия-Маргальоның Астанаға жасаған ресми сапары аясында испандық және қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум болып өтті. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметі хабарлады. 

Шараны Испанияның ҚР-ғы Елшілігі мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған. Форумға «Нұх Бәйтерек» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП қаржы құрылымдарының өкілдері қатысты.

Форумның пленарлық бөлімі барысында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Испанияның Сауда палатасы арасында қазақстан-испандық Іскерлік Кеңес құру туралы келісімге қол қойылды. ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы м.а. Руслан Сұлтанов Қазақстанға салынған испандық инвестициялардың, жекелей алғанда шикізаттық емес сектордың айрықша рөлін атап өтті.

Жасалған шолуға сәйкес, 2005-2015 жылдар ішінде Испанияның Қазақстанға құйған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 183,5 млн АҚШ долларына тең болса, Қазақстан Республикасынан Испанияға 14,4 млн АҚШ долларына тең сома салынған.

"2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд 439 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 47,5%-ға кем. Испаниядан Қазақстанға жасалған импорт 219,9 млн доллар болса, экспорт 1,2 млрд долларға тең болған. Айта кететін бір жайт, Қазақстаннан Испанияға жөнелтілген экспорт құрылымындағы 88,9%-ы мұнай болса, Испаниядан келген импорттың 16,3%-ы электр машиналары мен жабдықтар (қозғалтқыштар мен генераторлар), 9,2%-ы фармацевтикалық өнімдер болса, 4,4%-ы теміржол қозғалмалы құрамдарының бөліктері», – деді «Атамекен» Палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Испан бизнес-делегациясының құрамында инвестициялар, технологиялар трансферті мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы ынтымақтастық, сондай-ақ құрылыс, энергияның қалпына келетін көздеріне, көлік, инфрақұрылымдық нысандар, телекоммуникациялар, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларға қызығушылық танытқан 20-дан астам компания келді. Бизнес алаңға IBEX 35 испан қор биржасындағы 35 ірі испандық компаниялар тізіміне енетін Técnicas Reunidas S.A., INDRA, ACS, Airbus секілді компаниялар да келген.

Форум нәтижелері бойынша В2В форматында екіжақты кездесулер өтті, онда тараптар ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойды. Мәселен, «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытқан машина жасау, әскери-техникалық және экспортты ілгерілету бойынша қызмет көрсету салаларындағы испандық компаниялармен тікелей байланыстар орнатты.

Похожие материалы