20 тонна сыраны Қазақстаннан заңсыз алып шықпақ болған жүк көлігі ұсталды
Астана. 21 қыркүйек. 7kun.kz – «Найза» шекаралық автомобиль өткізу бекетінде 20 тонна сыраны заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алкоголь өнімдерін заңсыз әкетудің аталған фактісі 2022 жылғы 15 қыркүйекте Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерімен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шеңберінде анықталған.
Тексеріс барысында жалпы көлемі 20 тонна болатын «сыра» алкоголь өнімі бар автокөліктің ілеспе құжаттары жоқ екені анықталды. Бұл «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңды бұзу болып табылады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 463-бабына сәйкес материалдар процестік шешім қабылдау үшін Успен аудандық сотына жолданды.