Өткен 2014 жыл 2000 жылдан бері IPO көлемі жөнінен рекордты көрсеткіш орнатты. Америка нарығында жарияланғандар саны 260-тан асып, жалпы құны 86 млрд долларға жетті. 2014 жылдың қыркүйегінде әлемдік тарихтағы ең ірі IPO орын алды. Қытайлық Alibaba Group (BABA) интернет-холдингі Нью-Йорк қор биржасында 25 млрд доллар көлеміндегі акциясын жариялады, ал корпорацияның өзі 167 млрд доллар деп бағаланады. Сатылымға шығарылғаннан бері Alibaba Group бағалы қағаздарының құны 60 пайызға өсті.
Бірақ аталғандардың барлығы өткеннің еншісінде қалды. Құнды қағаздар нарығында сізде табысқа жеткіңіз келсе, 2015 жылы ең көп күтілген IPO-лардың тізімін ұсынамыз.
Lending Club
P2P-несиелендіруге арналған ең ірі американдық алаң IPO-ға өтініш беріп, NYSE биржасын таңдап үлгерді. Құнды қағаздар осы жылдың соңында сатылымға шығуы керек, құны 5-6 млрд доллар болып бағаланған компанияның акция құны- 500 млн доллар.
P2P-несиелендіру - теңдей құқықтағы екі ұйымның қаржылық делдалсыз өзара несие алу әдісі. Қарыз несие беретін ұйымның арнайы веб-сайттарында түрлі несиелендіру алаңдары арқылы онлайн түрінде беріледі. Дәл осы бизнеспен айналысатын Lending Club 7 жыл ішінде 6 млрд доллардан асатын көлемде несие беріп үлгерген. 2014 жылдың соңғы 9 айында компания көрсеткіші 2,2 есе өсіп, 143,9 млн долларды құрады. Алайда маркетингтік жүмыстарға байланысты компания 23,8 млн долларға шығындалды. Сарапшылардың сөзінше, несиелендіру көлемінің өсуіне байланысты компанияның капитал құны да ұлғая түспек. Халықаралық экспансия мен шағын және орта бизнеске несие бөлу факторлары да өсім көлемінің артуына ықпал етпек.
Dropbox
Ең ірі бұлтты сервистің IPO нарығына шығуын инвесторлар екінші жыл күтіп отыр. Олардың пікірінше, Dropbox 2015 жылдың 3 тоқсанында биржаға шығуы қажет. Бүгінде компания құны 10,8 млрд доллар деп бағаланып отыр. Егер түсім көлемі сақталса, IPO кезінде оның капитал құны 30 млрд долларға жетуі мүмкін.
Дәл қазіргі уақытта Dropbox-тың 300 млн қолданушысы бар, олардың тек 4 млн-ы ғана бұлтты сервистің қызметін ақылы түрде қолданады. Мамандардың есептеуінше, осы 4 млн-ның өзі 500 млн доллар табыс әкелді, 2015 жылы екі есе өсе түсуі мүмкін.
Осыға дейін компанияның Microsoft-пен серіктесіп, Microsoft Office-тің мобильді және веб-нұсқаларына бұлтты сервис енгізілгендігі хабарланды. Ал Windows Phone-да Dropbox-тың ресми қосымшасы пайда болады. Сарапшылардың айтуынша, бұл әрекеттер стартап бағасының құнын 20 пайызға көтереді.
Box
Тағы бір бұлтты сервис қоғамдық жарияланымға шықпақ. Жалпы құны 2,5 млрд деп бағаланған Box өткен жылдың наурызында IPO-шығу туралы өтініш берген еді, дегенмен биржаға шығуды тиімсіз деп тауып, акцияларын жариялауды кейінге қалдырды.
2015 жылдың 23 қаңтарында IPO-ға шыққан алғашқы бұлтты сервис болды. Компания құнды қағаздарын Нью-Йорктің қор биржасына орналастырды.
Box бұлтты сервисінің Dropbox-тан айырмашылығы - ұжымдық клиенттерге арналуында. Соңғы мәліметтер бойынша сервисті 270 млн адам және 270 мың компаниялар пайдаланады. Олардың ішінде 40 мыңы сервис қызметі үшін ақы төлейді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша компания 124,2 млн долларға дейін пайда түсіріп, табыс көлемін екі есе ұлғайтқанымен, маркетингтік жұмыстарға байланысты 168,9 млн долларға дейін шығындалды.
Uber
Көптеген ІТ-компаниялар табысты болған сайын биржаға көбірек стартаптардың тартылуына ықпал етеді. Солардың бірі - Uber такси сервисі. Бүгінде 18 млрд долларға бағаланған компания ең қымбат стартаптың бірі болып табылады. Дәл осы Uber сервисі көлікті бір ғана дауыс әрекеті арқылы шақыруға болатын қосымша құру арқылы такси қызметін нағыз бизнес көзіне айналдырды.
Нарықтағы ақпарат бойынша, Uber тағы да 1 млрд доллар көлемінде инвестиция тартпақшы. Бұл қаржы әлемдік нарықтағы экспансия және IPO-ға дайындық үшін қажет. Әзірге компания қаржылай есептері туралы хабарланған жоқ. Бірақ ғаламторда компания түсімі әрбір жарты жыл сайын көбейіп отырады деген ақпарат тарады. Стартап биржаға шығу туралы ниетін ресми түрде жарияламаса да, сарапшылар нарықтағы жағымды шарттарға байланысты 2015-2016 жылдары Uber-ді IPО-дан көреміз деген сенімде.
Airbnb
Тұрғын үйді тікелей үй иесінен жалға алуға мүмкіндік беретін AirBnb сервисі осы жылдағы ІРО жұлдызы болатын компаниялардың қатарында енгізіліп отыр. Әзірге ұйымның биржаға шығу туралы жоспарлары нақты белгісіз, бірақ соңғы ақпараттар бойынша стартаптың бағалану құны 13 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.
Сервис әлемдегі ең ірі Hyatt Hotels (8,9 млрд доллар), Wyndham Worldwide (9,8 млрд доллар) тәрізді қонақүй жүйелерінен де қымбатқа бағаланып отыр. Айта кетейік, Airbnb сервисі бүкіл әлем бойынша бірінші қалада отырып, екінші қаладан қысқа мерзімді тұрғын үйді жалға алуға мүмкіндік береді. Уақыт өткен сайын стартап танымалдылыққа ие болуда, сондықтан сарапшылар компанияның ІРО-ға шығу жиілігі жоғары деп бағалап отыр.
Spotify
Жалпы құны 4 млрд доллар болатын шведтік компанияның ІРО-ға шығатыны туралы ақпарат өткен жылдың көктемінде пайда болған еді. Сол кезде банктер тобымен алғашқы жарияланымға қажетті қаржы алу үшін келіссөздер жүргізілген. Биржаға күзде шығады деп күтілгенімен, компания тарапынан нақты ресми мәлімдемелер хабарланған жоқ. Мамандардың түсіндіруінше, құнды қағаздардың сатылымға шықпай тұруына компания үшін нарықтағы жағдайлардың жағымсыз болуы әсер етіп отыр.
Алайда компанияның қаржылай нарыққа шығуы үшін халықаралық және американдық есеп бойынша маманға бос орын ашуын IPO-ға шығудың алғышарттары деп танылды. Стартаптың қаржылай көрсеткіштері жарияланған жоқ, бірақ 2012 жылдың көрсеткіші бойынша 500 млн долларды құраған.
Айта кетейік, Spotify- көптеген лейблдердің музыкасын заңды түрде тыңдауға мүмкіндік беретін музыкалық сервис. Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда қолжетімді емес. Бүгінде 15 млн тұтынушысы бар, олардың 2,5 млн-ы ақылы түрде қолданады.
«Баст» кен өндіру компаниясы
2015 жылы ІРО-ға шығатын компаниялардың бірі - Қазақстандағы шағын бизнес өкілі «Баст» кен өндіру компаниясы. Әлемдік нарық үшін қызығушылық тудырмағанымен, қазақстандық қор биржасына шыққан шағын бизнестің алғашқы өкілдерінің бірі. «Баст» АҚ — Шығыс Қазақстан облысындағы мысты-никелді кен өндіруші кезеңіндегі компания. 2013 жылы RCG Investment Adviso қорына кірді. Компанияның жалпы капитал көлемі 20 млн доллар, биржадан 2 млн доллар тартуды көздеп отыр.
«Баст» АҚ-ның қарапайым акцияларымен саудасы 2015 жылдың 31 наурызында басталады. Жалпы шығарылатын акциялар көлемі 18,450 бірлік.
Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"