Экономика
2015 жылдан бері интернет-ресурстарда 22 мыңнан астам экстремистік материал анықталған
2015 жылдың мамырынан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан интернет-ресурстарында 22 мыңнан астам экстремистік материал анықталып, бұғатталған. Мұны мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин хабарлады.
«2015 жылдан бүгінгі күнге дейін 22 237 заңға қайшы материалға шектеу қойылған. 21 мың материалды интернет-ресурстың иелері өшірген. Ал 1205 материал материал сот шешімімен бұғатталды» дейді Шойкин. Ол интернет-ресурстарға күн сайын мониторинг жүргізілетінін, нәтижелер ақпарат комитетіне жіберілетінін атап өтті.
Дін істері комитетінің төрағасы «Ұйымға тыйым салынған кезде ғана сайттарын жабуға болады. Егер ұйымға тыйым салынбаған болса, оның БАҚ құралдары экстремизмді ашық насихаттамаса, олардың әрекеті заңға қайшы болмаса, біз оларға әсер ете алмаймыз» деді. Діни торрориз мен экстремизмге үндейтін сайттарды ғана жабуға ұсынатынын айтты.
«Мәселе көбіне сотқа дейін шешіледі. Әдетте құзырлы органдар сайт иелеріне хабарлап, контентті өшіріп тастауды ұсынады. Олар материалды өшіреді, нәтижесінде сайт жұмысын жалғастыра береді. Ал еш реакция болмаған жағдайда, сайт Қазақстан аумағында бұғатталады» деп түсіндірді Ғалым Шойкин.