2015 жыл Қазақстанның қаржы саласы үшін ерекше жыл болды. Әлемдік экономикада дағдарыс басталды. Мұнай бағасы түсіп, экономикалық өсім азайды, дағдарыстың алғашарттары сезіле бастады, теңгенің құнсыздануы шарықтау шегіне жетті. Доллар нығайды. Әрине, осы және басқа да өзгерістердің жүзеге асуына қаржы нарығындағы тұлғалардың әсері айтарлықтай болды. Бұлар кімдер? 7kun.kz биылғы жылы қаржы нарығындағы түрлі оқиғаларға байланысты есімі жиі айтылған жеті тұлғаны ұсынады.
Қайрат Келімбетов
Биылғы жылы дағдарыс, теңге, доллар, құнсызданумен қатар аты жиі айтылған тұлғаның бірі -Қайрат Келімбетов. 2013 жылдың 1 қазанында Григорий Марченконың орнына Ұлттық банктің төрағасы болып тағайындалды. Сарапшылар сол кездің өзінде-ақ девальвацияның болуы мүмкін екендігі туралы айта бастаған еді. Бірақ Қ.Келімбетов барлық «болжам жасаушыларға» девальвация туралы алаңдауға еш негіз жоқ деумен болды. Тіпті ол кісі Ұлттық банк төрағалығынан кеткен кездің өзінде девальвацияның болғанына сенбеген немесе девальвация болғанын «білмеген» болуы мүмкін. Қоғамда Келімбетовтің 2 жылдық қызметінің нәтижесінде әрекеті мен сөзі бір нүктеде қиылыспайтын адам бейнесі қалыптасты. Келімбетовтың аты жиі шығып, құны түскен кез 11 ақпанынан кейін, интернет пен теледидар жоқ қыстаудағы қойшыға дейін девальвация боларына күмәні қалмаған тұста бас банкирі «күрт девальвация жүргізбейміз» деген уәде беріп, жарты жылға жетпей, уәдесіне беріктігін танытқан тұсы. Әрине, кері мағынасында. Теңге еркін айналымға жіберіліп, доллар курсы бірден 270-ке жетуі Келімбетовтің әтүрлі әзіл-әжуаның кейіпкеріне айналдырып жіберді. 2015 жылдың 2 қарашасында Мемлекет басшысы Қайрат Келімбетовты Ұлттық банк төрағасынан босату туралы шешім қабылдады. Алайда, Қайрат Нематұлы қызметсіз қалған жоқ.
Қазір Ұлттық банктің экс-басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқарады.
Данияр Ақышев
Қоғамға қатты таныс емес, бұрыннан-ақ Ұлттық банкке алыс емес Данияр Ақышевтың есімі ол ҰБ-ке төраға болып тағайындалған тұста аты жиі айтыла бастады. Әу баста қоғамға құны кеткен теңгенің құтқарушысындай болып көрінген. Өйткені Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Д.Ақышевқа берген бірінші тапсырмасы - теңгеге деген сенімін қайтарып, экономиканы долларсыздандыру жұмысын жалғастыру. Ұлттық банктың жаңа басшысы бірден интервенцияны тоқтатып, бірақ курсты ретке келтіріп отыратындығын мәлімдеді. Жас, Ұлттық банктің шекпенінен шыққан, Марченконың шәкірті шынымен теңгенің құнсыздануын тоқтататын шығар деген сенім әлеуметтік желі мен БАҚ-да өріп жүрді.
Алайда теңге одан ары доллар курсы 350 теңгеге дейін жетті. Әлеуметтік желіде: -Алло, Келімбетов
-Иә, Келімбетов, тыңдап тұр
-Келімбетов айналайын кері қайтшы, 270 бізге жарайды деген анекдоттың шығатыны осы кез. Жақында жаңа басшы 2016 жылы экономикамызда жағдай жақсы болады деді. Елбасыдан бастап жағдай қиын деп жатқан тұста, мұндай мәлімдеме есту сәл күдікке жетелейді. Әрине, Ақышевтың қолында мұнайға байланып, оның құны құлдырағанда, онымен бірге басы айналып тұрған экономиканы реттеу тұрған жоқ. Теңгенің тағдыры Ұлттық банкке де емес, Үкіметтің әрекеті мен экономикадағы өзгерістерге байланысты екені анық. Алайда, халық Ақышевқа әлі де теңгені құқтқарады деп сенеді. Теңгенің құнсыздануы тоқтап, долларсыздандыру жүзеге асып, теңге мен Ұлттық банктің беделі артады деп үміттенеді. Әзірге жаңа басшы жаңа банкнота да шығарып үлгерді. Осыған дейін Қ.Келімбетов 20 мың теңгелік банкнотаның уақыты ерте деген еді. Д.Ақышев келген соң банкнота айналымға шығарылды.
Кеңес Рақышев
2015 жылғы қаржы әлемінде айты көп айтылған тұлғаның бірі - Кеңес Рақышев. Бұған дейін табысты бизнесмен ретінде танылған ол Астана Банкіндегі үлесін сатып жіберді. Есесіне «Қазкоммерцбанк» акционері Нұрхан Субханбердинге тиесілі акцияларын сатып алып, Қазкомдағы ролін күшейтті. Банктің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек ол қазір жеке тұлға ретінде 28,67%, бүгін белгілі болғандай жанама түрде «Альнаир» АҚ арқылы жалпы 56,75% банк акциясына иелік етеді. Ол сондай-ақ, Украинадағы БТА Банк-тың 50% -дан астам акциясын сатып алды.
Үміт Шаяхметова
Халық банкін 7 жыл қатарынан басқарып отырған Үміт Шаяхметова биыл да БАҚ пен қоғам назарында болған тұлғалар қатарында. Ол елдегі экономикалық жағдайға байланысты өз көзқарасын айтып, кемшілігі болса ашық айтып отыратын қаржыгерлердің бірі. Биыл ол елдің монетарлы саясатын ашық түрде сынға алуымен ерекшеленді. Оның девальвацияны қолдауы да қоғам тарапынан сынмен қабылданса да, бұған қатысты көзқарасын ашық айтуын көпшілік қолдады. Мысалы: ол басқалар сияқты қаражатын теңгемен сақтаймын деп бұлтарған жоқ, теңгенің жағдайы мәз емес, доллармен сақтаймын деп айтып салуы көпшіліктің көңілінен шықты.
Девальвациядан кейін теңге курсын 300-ден асырмау үшін жүргізілген Ұлттық Банк интервенциясына да қатысты Халық банк бірінші болып баға берді. Ү.Шаяхметова жалпы көлем туралы ақпаратты ғана емес, таза сатылым және сату көлеміне қатысты мәліметті жариялап отыруды ұсынған еді.
Олжас Құдайбергенов
Биылғы жылы қаржы нарығындағы аты жиі айтылған тұлғаның бірі –Олжас Құдайбергенов. Жылды 1 қаңтарынан Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі қызметінен кетуден бастаған ол жыл бойы БАҚ мен әлеуметтік желіде өзінің көзқарасын тұрақты түрде білдіріп отырды. Сол арқылы пікірі ең обьективты, сөзінің салмағы басым беделді сарапшыға айналды. Оның девальвация туралы ой-пікірі мен «Атамекен» ҰКП төрағасы А.Мырзахметовпен девальвацияға қатысты өзара хат алмасулары БАҚ беттерінде кеңінен талқыланды. О.Құдайбергенов девальвация жүргізуді қалағанымен, оның кезең-кезеңімен жүргізілуі қажет деген пікір білдірген еді. Ол Ұлттық банктың интервенция жүргізуіне қатысты наразылығын білдіріп, Келімбетовтың кетуі туралы қауесеттерге алғашқылардың бірі болып түсініктеме берді.
Михаил Ломтадзе
Еліміздегі беделді банкирлердің бірі биыл өзі басқарып отырған банкте бірқатар ерекше инновациялық өнімдерді енгізуімен көзге түсті. Ең алдымен коммиссиясыз, онлайн қызметін ұсынушы kaspi.kz сайты мен kaspi магазин биыл қазақстандықтар арасында ең танымал ресурстарға айналды. Жақында барлық қызметі комиссиясыз kaspi gold картасын шығарып, жұртшылыққа таныстырды. Сондай-ақ, биыл М.Ломтадзе «Колеса, Крыша,Маркет» бірлескен компаниясы мен жақында құрылған «Kaspi» АҚ акционері атанды. Банктің биылғы жылы несие картасын шығаруды тоқтатқаны белгілі болды.
Банк инновациялық өнімдер мен клиенттерге деген қызмет сапасын арттыруға бағытталғаны және Kaspi Bank өнімдері мен қызметіне тұрғындар сенімінің артқаны анық байқалады.
Нұржан Субханбердин
Биылғы жылдың қаржы нарығындағы басты жаңалықтардың бірі – 4 мамырда Нұржан Субханбердиннің «Қазкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағалығынан кетіп, акционер ретіндегі үлесін азайтуы. 1991 жылы банкті құрып, ірі қаржы құрылымына айналдырған оның мұндай шешім қабылдауының себебі белгісіз. Белгілісі Субханбердинге тиеселі акцияның басым бөлігін К.Рақышев сатып алды. Субханбердинмен бірге ұзақ жыл Қазкомды басқарған Нина Жүсіпова да өз қызметінен кетіп, оның орнын Мағжан Әуезов басты. Ал, банктің директорлар кеңесінің төрағасы болып Марк Хольцман тағайындалды. Субханбердин қазіргі кезде жеке тұлға ретінде Қазкоммерцбанктің 5,99%, «Орталық Азиялық инвестициялық компаниясы» арқылы жалпы алғанда 26,28% акциясына иелік етеді.