Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

2016 жыл банк секторына қалай әсер етті?

2016 жыл банк секторына қалай әсер етті?

2016 жылы кейбір банктер экономикаға инвестиция салуды азайтты. Оның басты себебі - дағдарыс кезінде экономикада нақтылықтың болмауы. Бұл туралы "Казкоммерц Секьюритиз" сарапшысы Динара Тәңірбергенова айтып отыр.

Оның сөзінше, қаржы ұйымдары қаражаттың бар болғанына қарамастан экономиканы кредиттеуге асықпайды және көбіне өтімді, қауіпі төмен салаларға инвестициялауды жөн көреді. Нәтижесінде бір жыл ішінде кредит көлемі 0,3%-ға төмендесе, депозит үлесі 10,7%-ға көбейген.

"Алайда инфляция деңгейі біртіндеп төмендесе әрі Ұлттық банк базалық мөлшерлемені азайтатын болса банктер кредит нарығына қайта оралады деп үміттенеміз. 2017 жылы біздің болжамымыз бойынша кредит өсімі өткен жылға қарағанда жоғары болады", - деді Тәңірбергенова.

2017 жылдың 1 қаңтарындағы ақпарат бойынша Қазақстанның банк секторында 33 ойыншы қалды. Банк секторының активтері 25,5 трлн теңгені, кредит сомасы - 15,5 млрд теңгені, ал депозиттер сомасы - 17,2 трлн теңгені құрайды. Айта кетейік, 2016 жылдың 26 желтоқсанда Ұлттық банк Қазинвестбанкті лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған.

"Желтоқсан айында кредиттер 1,2%-ға, жыл басынан бері 0,3%-ға төмендеген.  Бұдан банктердің экономиканы кредиттеуге ниетті емес екенін және қарыз алушыларда жауапкершіліктің төмен екенін көруге болады. Қазіргі кезде банктер қауіптілігі төмен секторларды ғана кредиттеп, тәуекелдерге де аз барады.  Ал базалық мөлшерлеме соңғы рет 2016 жылдың қараша айында 12,5%-дан 12%-ға дейін төмендеді. Осы мәселе бойынша Ұлттық банктің келесі отырысы 2017 жылдың 20 ақпанында өтеді. Біздің болжамымыз бойынша базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін 10-10,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін", - дейді ол.

Сарапшының мәліметі бойынша, бір айдың ішінде Қазкоммерцбанктің қарыз портфелі (ай сайын -3,1%) азайса, Kaspi Bank бір ай ішінде  3%-ға арттырған.

"Банктер өздерінің кредит портфельдерін арттыруға асығады деп ойламаймын. Себебі олар негізгі қаражатын ақша-кредит нарығында қауіптілігі төмен әрі өтімді активтер бойынша ұстап отырады. Алайда жағдай базалық мөлшерлеме төмендеген сайын өзгеруі мүмкін", - деді сарапшы.

Динара Тәңірбергенованың сөзінше, желтоқсан айында ең көп депозит өсімі Халық банк(+12,6%) пен  қазақстандық Сбербанкте (+7,5%). Ал депозит көлемі азайған банктер - Қазкоммерцбанк (-19,5%) пен Еуразиялық банк (-5,9%).

"Қазкоммерц Секьюритиз" компаниясының мәліметі бойынша, жыл басынан бергі депозит өсімі 10,7%-ды құрады. 2016 жылдың басынан бергі ең жоғарғы өсім Халық банк пен АТФ Банкке тиесілі (+27,2% жәе 33,7%). Сондай-ақ, Цеснабанк 12 ай ішінде депозит портфелін +14,8%-ға арттырған. Ал Қазкоммерцбанкте керісінше, депозиттер базасы 12,3%-ға төмендеген.

"Қазкоммерцбанктегі депозит мөлшерінің азаюы квазимемлекеттік секторағы заңды тұлғалардың өз қаржыларын алуымен байланысты", - деп түсіндірді Динара Тәңірбергенова.

Сондай-ақ, сарапшы атап өткендей 2017 жылың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың салымдары бойынша ең жоғарғы тиімді сыйақы мөлшерлемесі өзгерді. Енді сыйақы мөлшерлемесі номиналды мөлшерлемеге емес, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемеге қатысты болады.

Бұдан кейін ұлттық валютадағы стандартты салым бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі 13,2%-ды құрайды. Бұл - ай сайынғы сыйақы капитализациясын қоса есептегендегі мөлшерлеме.

"Сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі теңгенің девальвацияға ұшырау ықтималдығы мен инфляция деңгейінің төмендеуімен және валюта нарығындағы өтімділіктің қалпына келуімен байланысты. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда инфляция 8,5%-ды құрады. Осы себепті де мөлшерлеменің төмендеуі орынды. Ұлттық банк 2017 жылы да инфляция 6-8%-ды құрайды деп отыр. Ал егер осы сценарий жүзеге асатын болса банктер де сыйақы мөлшерлемесін біртіндеп төмендете береді. Қазірдің өзінде кейбір банктер ставканы төмендете бастады", - деді "Казкоммерц Секьюритиз" сарапшысы.

Сарапшы атап өткендей 2016 жылдың басынан бері банк секторындағы қарыз портфелінің сапасы біршама жақсарған.

Мерзімі 90 күннен асып кеткен кредиттердің үлесі желтоқсан айында 7,3%-дан 6,7%-ға дейін төмендеген. Проблемалық кредиті ең көп банктер - АТФ Банк (12,1%), Қазақстанның Сбербанкі (9,2%) және Банк ЦентрКредит (8,9%). Ал Цеснабанк пен Қазкоммерцбанкте керісінше, проблемалы кредиттер деңгейі төмен.

Сондай-ақ, өткен жылы банктердің кірістілік нәтижесі де жақсы болған. Ең жоғарғы  кіріс  Казкоммерцбанк (24,1%) пен Халық банкке (22,7%) тиесілі.

Дереккөз: LS

Похожие материалы