2016 жылдың алғашқы екі айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған депозиттердің шарттық сомасы 55 млрд теңгеден асты
2016 жылдың алғашқы екі айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған депозиттердің шарттық сомасы 55 млрд теңгеден асты. Бұл туралы банк баспасөз қызметі хабарлады.
2016 жылғы қаңтар-ақпан айларының қортындысына сәйкес, кредит қоржыны бойынша ҚТҚЖБ екінші деңгейлі банктер арасында көш бастап тұр. Ranking.kz деректеріне сүйенсек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қоржын өсімі 3,4 млрд теңге болды.
Банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, алғашқы екі айда 28 мыңнан аса жаңа ТҚЖ шарттары жасалды. «Депозиттерді тарту бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жетекші орынға шығуына ықпал еткен бірнеше себеп бар деп есептейміз. Біріншіден, жыл басында Банк өзінің жеке дағдарысқа қарсы бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарлама еліміздің түкпір-түкпірінде тұрғын үй құрылысына серпін бермек. Екіншіден, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй құрылысын салуға қосымша 127 млрд теңге және ҚТҚЖБ салымшыларына кредит беруге 22 млрд теңге бөлінді. Үшіншіден, ұлттық валюта бағамына түзету енгізілгеннен кейін 2015 жылдың 18 тамызына дейін депозиттері болған салымшылар үшін 35,5% өтемақы төлеу тетіктері әзірленді. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қазақстандықтардың сенімін арттырды», – деп түйіндейді Банктің баспасөз қызметі.
Ranking.kz сарапшылары атап көрсеткендей, 2015 жылдың 4-тоқсанынан бастап еліміздегі теңгелей депозиттер 21,5 млрд теңгеге төмендеп, құлдыру деңгейі 1,5 пайыз көрсеткен. Қаңтар айында салымдарға кепілдік беру жүйесіне кіретін 33 екінші дәрежелі банктердің тек 14-і теңгелей депозиттердің өсімін көрсетті.
«Мемлекеттік сектор ұлттық валютадағы салымдардың өсуін қадағалап, маңыздылығын арттыру үшін күресуде. 2016 жылдың ақпанында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеке тұлғалардың теңгелей депозиттерін тарту бойынша ұсынылған ең жоғарғы мөлшерлемені 4%-ға, яғни 14%-ға дейін арттырды. Бірақ, коммерциялық ЕДБ-да депозиттердің тартымдылығының өскеніне қарамастан, ҚТҚЖБ салымдарды тарту жөнінен жоғары орында қала бермек», - деп жазады Ranking.kz.
Наурыздың біріндегі статистикаға сай, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сомасы 300 млрд теңгеден артық 600 мыңнан астам салым шоғырланды.