Алматы. 27 қаңтар. 7kun.kz - 2016 жылы Ұлттық Банкке 10 744 680 теңге сомадағы 3 469 күмәнді ақша белгісі сараптамаға келіп түсті, олардың ішінде 2 067 070 теңгесі қолдан жасалған. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық Банктің қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы Тоғжан Әбішеваның сөзінше, өткен жылы қолдан сапалы жасалған теңге үлгілері болмаған.
«Барлық қолдан жасалған үлгілер түрлі-түсті принтерлерде және кәдімгі офсеттік қағазда жасалады және оларды арнайы касса техникасы арқылы оп-оңай анықтауға болады. Банк терминалы мұндай банкнотты қабылдамайды, себебі техника арқылы тануға болатын арнайы белгілер бойынша танып біледі», – деді Т. Әбішева.
Сондай-ақ, Ұлттық Банктің өкілі жалған ақшаны жасауға қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты құқық қорғау органдары мен қаржы реттеушісі тұрақты жүргізетінін атап өтті.
«Негізінен орта номиналдағы банкноттарды қолдан жасайды, себебі олар айналыста кеңінен таралған және оларға баса назар аудармайды. 2016 жылы Ұлттық Банктің сарапшылары 2012 жылғы үлгідегі номиналы 2000 теңгелік 261 банкнотты (анықталған қолдан жасалған банкноттардың 28%-ы), 2014 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік 155 банкнотты (анықталған қолдан жасалған банкноттардың 16%-ы) анықтады», – деді ол.