Алматы. 31 шілде. 7kun.kz – Елордалық билік коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер беруді жоспарлап отыр. Мұндай мәліметтерді әкімдіктегі брифингте жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Саипов айтты.
Оның ішінде 731 жалдамалы тұрғын үй, соның ішінде 233-і көп балалы отбасыларға, 105-і жетім балаларға, біреуі ҰОС ардагеріне, 277-сі халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына, 115-і мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне беріледі. Сонымен қатар, 903-несиелік тұрғын үй, оның ішінде 452 кезекте тұрғандар берілмек.
Ал, 2020 жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан 1640 пәтер беру жоспарлануда. Оның 718-і жалға берілетін тұрғын үй, соның ішінде 144-і көп балалы отбасыларға, 144-і жетім балаларға, 210-ы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына, 220 мемлекеттік қызметші және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне беріледі. Сондай-ақ, 922 несиелік тұрғын үй, оның ішінде 461-і кезекте тұрғандарға берілмек.
«Ағымдағы жылдың 31 шілдесіндегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтаннан пәтер алуға кезекте тұрғандардың жалпы саны 47 099 адамды құрайды. Кезекте тұрғандардың есебі алты тізім бойынша жүргізіледі: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар, көп балалы отбасылар», - деді Әнуар Саипов.