Алматы. 5 маусым. 7kun.kz – 2019 жылы қазақстандық ауылдарға мамандарды тартуға 14,8 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.
Ведомствода «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша қаражатты тұрғын үй сатып алу үшін 3,9 мың маманға бюджеттік несие беруге бағыттау жоспарлануда. Министрлікте атап өткендей, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген қызметкерлерге бір маманға 70 АЕК (176 750 теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақы және бір маманға 1,5 мың АЕК (3,8 млн теңге) бюджеттік несие беріледі.
«Сонымен қатар, жалақы беру, инфрақұрылым құру, жоба аясында жұмыс орындарын құру қарастырылмаған. Көтерме жәрдемақы түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады. Жалпы, «Дипломмен ауылға» жобасы ауылдық елді мекендерде кадрлар тапшылығын қысқартуға ықпал етеді», – деп түсіндірді экономика министрлігінде.
ҰЭМ атап өткендей, бағдарлама бойынша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы мамандар қажет. Сонымен қатар, статистика комитетінің мәліметі бойынша 2019 жылдың І тоқсанында орташа айлық жалақы 168,5 мың теңгені құрады. Бұл ретте денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы мамандар 115,8 мың теңге, білім беру саласында – 109,9 мың теңге, өнер, ойын – сауық және демалыс саласында – 128,7 мың теңге; ауыл, орман және балық шаруашылығында-93,1 мың теңге алды.