Астана. 11 қаңтар. 7kun.kz – Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,1%-ке өсті. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оның айтуынша, сыртқы жағымсыз факторларға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,1% деңгейінде тұрақты өсімге қол жеткізді.
«Нақты сектордағы өсім 3,2%-ті, ал қызмет көрсету саласында 2,5%-ті құрады», – деді министр.
Оң өсім құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында тіркелген. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өңдеу қарқыны 1%-ке төмендеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,8% болды.
2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ке өсіп, 122,2 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ке өсіп, 77,6 миллиард долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауар экспорты 33,8%-ке ұлғайып, 24,1 миллиард долларды құрады. Тауар импорты 44,6 миллиард долларға тең
Жалпы, оң сауда балансы 33,1 миллиард долларды құрап отыр. Ал өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,4%-ке артқан.