Астана. 23 қыркүйек. 7kun.kz – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023 жылдан бастап жоғары білім алуға 2-3 проценттік кредит берілетінін айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Биыл 88 мың грант бөлінініп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Гранттар былтырғымен салыстырғанда 19%-ға өскен. Ал ақылы түрде оқитын студенттердің саны 60%-ды құрап отыр.
Президент соңғы жолдауында 2-3 проценттік кредит беру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Министрдің айтуынша, қазір тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып жатыр.
«Мен өзім Еуразия ұлттық университетінде кредитпен оқығанмын. Қазақстанда 90-жылдардың соңында сондай бір жақсы модель болған. Артынан тоқтап қалды. Біз оның себебін де білеміз. Енді осы жүйені қайта қарап, жылдық мөлшерлемесі 2-3 процент болатын кредит береміз. Қазір тиісті өзгерістер мен тетіктер әзірленіп жатыр. Келесі жылдан бастап енгізіледі», – деді министр.