Алматы. 9 желтоқсан. 7kun.kz – Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қалалық мәслихаттың отырысында алдағы жылы мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру жоспары туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
"Келесі жылы мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақы қоры 170 млрд теңгені құрайды. Келер жылы 32-33 мың мұғалімнің жалақысы 25 пайызға өседі, бұл үшін қалалық бюджеттен 73 млрд теңге қарастырылған. Егер 2022 жылы мұғалімдердің орташа жалақысы 250-255 мың теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 320 мың теңгеге дейін өседі», – деді ол.
Сонымен қатар келесі жылы кітапханашылардың, техникалық персоналдың және білім беру саласының басқа да қызметкерлерінің жалақысын 22%-ға арттыру көзделген, оған 9 млрд теңге бөлінеді.
«Біліктілігін арттырғанын растаған 19 мыңға жуық мұғалім қосымша ақы алады, бұл үшін қосымша 25 млрд теңге бөлінді», – деді Әсем Нүсіпова.
Сондай-ақ ол 2023 жылы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы көтерілетінін жеткізді.
«Атап айтқанда, дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, медбикелер - 20%-ға, кіші медициналық қызметкерлер – 18%-ға өседі. Мәселен, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 350 мың теңгені, медбикелердікі - 205 мың теңгені құрайды», – деді ол.