Алматы. 22 шілде. 7kun.kz — Инвесторлар жазғы лагерьлердегі балалар санын көбейтуге көмектеседі. Мұндай нәтижелерге мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) тетігін пайдалану есебінен қол жеткізу жоспарлануда, деп хабарлады Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев.
"Колледждерді сенімді басқаруға беру және жазғы лагерьлердің желісін оларды санаторийлер, турбазалар, ұлттық парктер, жоғары оқу орындары жанынан ашу арқылы кеңейту; жұмыс істемейтін лагерьлерді қалпына келтіру бойынша тетіктер пысықталып жатыр. Осы тетікті қолдану арқылы білім министрлігі 2023 жылы балалар лагерлерінің санын 236-тен 1000-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, онда жазғы кезеңде 500 мыңға жуық бала демалатын болады", - деді ол баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, МЖӘ тетігі арқылы мектептегі тамақтану мәселесі шешіліп жатыр. Мысалы, Ақмола облысында мектеп асханаларын сенімді басқару бойынша 21 келісім-шарт жасалды.
"Пысықтаудың түрлі кезеңдерінде бізде Шығыс Қазақстан облысында - 43, Солтүстік Қазақстан облысында – 31, Түркістан қаласында - 22 жоба бар", – деп атап өтті Такиев.
Бұдан басқа, МЖӘ тетігі арқылы 29,5 мың орынға арналған 219 балабақша іске қосылды. Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, Қарағанды облысында бір жоба, Батыс Қазақстан облысында екі жоба және Солтүстік Қазақстан облысында үш жоба бойынша студенттерге арналған жатақханалар салу жоспарланған.