Алматы. 7 ақпан. 7kun.kz – Қазақстанда 2025 жылға қарай зейнетақы мөлшері қаншаға өсетіні туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54-тен 70-ға дейін, ең жоғары - 100-ден 120%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Орта есеппен 51%-ға дейін өседі. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, екі миллион зейнеткерге әсер етеді», – деді Дүйсенова.
Министрдің айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшерін жаңадан кіретін зейнеткерлер үшін 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспары бар. Ұсынылған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді (үш жыл ішінде 109 мыңнан 138 мыңға дейін).