Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгені белгілі. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – бірден үш әлеуметтік төлем түрін алмастырды. Нақтылай атайтын болсақ: табысына қарамастан республикалық бюджеттен төленетін төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, отбасының табысын ескере отырып жергілікті бюджет қаражатынан берілетін аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы және аз қамтылған үй шаруашылықтарына жергілікті бюджет қаражатынан отбасының табысын есепке ала отырып берілетін атаулы әлеуметтік көмек.
Ал, жаңа форматтағы АӘК көмектің шартсыз және шартты деп аталатын екі түрі бар. Бұл ретте ақшалай көмек мүгедектер немесе егде зейнеткерлер сияқты еңбекке жарамды мүшелері жоқ отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері объективті себептер бойынша, мысалы, мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғыз басты аналарға, яғни жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайтын отбасыларға беріледі.
Көмекті тағайындаудың міндетті шарты - отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуы және әлеуметтік келісімшарт жасасу. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, Тараптар өзіне өзара міндеттемелер алады, яғни әлеуметтік қызметкер жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөнінде шаралар қабылдайды және жәрдемақы төлейді, ал отбасының еңбекке жарамды мүшелері – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысады.
Бағдарламаға қоғамның сұранысы артқаны байқалады. Мысалы: Астанада жаңа форматтағы АӘК тағайындау мәселелері бойынша кеңес алуға 66 мыңға жуық қала тұрғыны өтініш білдірген. Солардың ішінде 464 отбасының өтініштері қабылданып, 2 310 адам қамтылған. Оның ішінде шартты ақшалай көмек төлеуге – 199 отбасы және шартсыз ақшалай көмек төлеуге – 265 отбасы бекітілген.Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында ағымдағы жылы 296 мың адамға арналған жаңа форматтағы АӘК көрсету жоспарланған. Оның 263 мыңы немесе 89%-ы шартты ақшалай көмекпен қамтылатын болады. Жобаны жүзеге асыруға 9,2 млрд теңге бөлініп, оның ішінде республикалық бюджеттен – 5,1 млрд теңге қарастырылған.
Бұл ретте бүгінгі күні облыс бойынша 125 мыңнан астам адам шартты ақшалай көмек алды. Еңбекке жарамды 25,9 мың қатысушының 24,8 мыңы немесе 96%-ы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылып, нәтижесінде бүгінгі күні тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Қорыта айтқанда, облыс бойынша шартты ақшалай көмек алушылардың орташа жан басына шаққандағы жиынтық табысы 4,3 есе өсті және орташа 24,5 мың теңгені құрады.
Қостанай облысында АӘК көрсетудің жаңа форматымен 23 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда. Бүгінгі күні жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен аймақтың 900 тұрғыны қамтылды. Қазір олардың жартысына жуығы тұрақты жұмыс орындарын тапса, жүзден астамы – өз ісін немесе шаруашылығын дамытуға арналған біржолғы төлемдер алған.
Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен өңірге 300 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жергілікті бюджеттен жарты миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.
Павлодар облысы бойынша жобаны жүзеге асыруға шамамен 197 млн теңге көлеміндегі қаржыны 1040 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетуге бағыттау көзделген. Сонымен қатар, тұрақты жұмыс орындарына 172 адам жұмысқа орналастырылды.
Жалпы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің деректеріне сүйенсек, ел бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмекпен жаңа форматтағы 44,8 мың отбасының 226,4 мың аз қамтылған азаматтары қамтылды. Оның ішінде 42,9 мың адам шартсыз ақшалай көмек алушылар болып табылса, 183,5 мың адам шартты ақшалай көмек алушылар.
Ең бастысы, мемлекет есебінен қыруар қаржы жұмсалып отырған жобаны оңтайландыру арқылы көмекке зәру деген ел азаматтарын қамту және жұмысқа ынталыларына жұмыс тауып беру мүмкін болмақ.