Экономика
Выбор редактора
Г. Әбдіқалықова: Еліміздегі жеке кәсіпкерлердің жартысы - әйелдер
ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың сөзінше, мемлекетіміздегі жеке кәсіпкерлердің жартысына жуығы әйелдер. Бұл туралы ол IV Еуразиялық әйелдер саммитінде айтты.
"Еліміздегі еңбекке белсенді халықтың 48%-дан астамын әйелдер қауымы құрайды. Қазіргі таңда шағын және орта бизнестің 42%-ын әйелдер басқарады. 1,2 млн жеке кәсіпкерлердің 600 мыңы - әйелдер", - деді ол.
Мемлекет хатшысы, сондай-ақ, әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсетіп отырған «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорын» атап өтті.
"ДАМУ" кәсіпкерлікті дамыту қоры" соңғы 10 ай ішінде ШОБ-ті дамытуға 1 млрд теңгеден жоғары қаржылық қолдау көрсетті. 6 000-ға жуық әйел-жеке кәсіпкерлер қаржыландырылды. 2010 жылдан бастап микронесие бағдарламасы бойынша 1,5 мың әйел 12 млрд теңге көлемінде несие алды. 2011 жылдан бастап, Азия даму банкі арқылы әйел-жеке кәсіпкерлердің 412 жобасы 41 млн доллар сомасында қаржыландырылды",- деді ол.
Сондай-ақ Г.Әбдіхалықова «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2015-2019 жылдар аралығында елімізде 395 мың жұмыс орындары құрылмақ екендігін атап өтті. Осы мақсатты іске асыру үшін Ұлттық қор 100 млрд теңге бөлген.
Фото: Total.kz