Экономика
Медиа
2016 жылы Қазақстан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте төрағалық етеді
ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің экономикалық ықпалдастығын тереңдетуге бағытталған 40-қа жуық құжатты талқылады.
Басты мәселелер 2015 жылдың 21 желтоқсанында өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына дайындалуға қатысты болды. 2016 жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және ЕЭК Кеңесінде Қазақстан Республикасының төрағалық етуі жөніндегі Жоғары ЕЭК шешімінің жобасы мақұлданды.
Сондай-ақ, ЕАЭО-да медициналық бұйымдар мен заттар айналымының ережелері мен бірыңғай принциптер туралы Келісімге Армения Республикасының қосылуы жөніндегі Хаттамаға қол қойылды.
ЕАЭО Кедендік кодекс жобасын дайындау аясында кеденді реттеуді жүзеге асыру шаралары талқыланды. Бұл жұмыс кедендік үдерістерді жеңілдетуге, кедендік қызметтердің жұмысына халықаралық озық тәжірибелерді енгізуге бағытталған.
Отырыс барысында ЕАЭО мен «Жібек жолының экономикалық белдеуінің» түйіндесуі жайлы сөз болды. Бұл негізде аймақ елдерінің сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамыту ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасының өсуіне мүмкіндік береді.
Фото: sputnikarmenia.ru