"Ислам мемлекеті" немесе ДАИШ террорлық ұйымы әлемдік бейбітшілікке үлкен қауіп төндіруде. Исламдық халифаттың қуаты бір мемлекеттің әлеуетіне тең. Олар тек әскери күшке ғана емес, өз-өздерін экономикалық жағынан толықтай қамтамасыз ете алады. Мамандардың сөзінше, ДАИШ-тың жылдық айналымы 3 млрд долларға жетеді екен. 7kun.kz әлемдегі ең ірі террорлық ұйымның қаржылық жағдайы туралы толығырақ түсіндіреді.
ДАИШ немесе "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының жауынгерлері Ирак пен Сириядағы жаулап алған аймақтардағы жалпы құны 2 трл доллардан асатын материалдық активтерді бақылауын алған. РАН шығыстану институтындағы Таяу Шығыс елдерін зерттеуші Орталықтың аға ғылыми қызметкері Владимир Сажиннің сөзінше, 2015 жылғы бюджеттерін 2 млрд доллар көлемінде деп белгілеген, ал бюджет тапшылығы 250 млн долларды құрайды. АҚШ билігінің мәліметінше, террорлық ұйымның жылдық табысы 468 млн доллардан 520 млн долларға дейінгі аралықта. Қаржының негізгі көзі - мұнайды заңсыз сату, бопсалау, тұтқындарды саудалау.
ВВС-дің жазуынша, 2014 жылы адам ұрлап, бопсалаудан ДАИШ-ке 20 млн долларға жуық қаржы келген. Сол аймақтан келген босқындардың бірінің сөзінше, ДАИШ-те арнайы "бақылау құрылғылары" болады. Олардың мақсаты - Сирияға келген журналистерді аңду. БАҚ өкілдерін сириялық жерге келгеннен бастап торға түсіруге кіріседі. Сондай-ақ адам ұрлау - ең күшті үгіт-насихат құралы.
Банктерді тонау, көне мүліктерді сату және қайта сату, төрт-түлікті ұрлап кету және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта сату арқылы да табыс алынады. ДАИШ арқылы бақыланатын аймақтардағы дін өкілдері үшін де салық салынады.
ДАИШ-тың қауіптілігі оларға келіп отырған қаржы көзінде ғана емес, жиһадшылар бірнеше жыл ішінде өздері де ақша табуға үйренді. Әлемдегі ең бай террорлық ұйым уақыт өткен сайын "өзгелердің байлығынан" бағынышты болуын азайтып жатыр.
ДАИШ-тың бюджетін толтырып жатқан мұнай саудасы - өсімнің негізгі табыс көзі. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, осы жылы ДАИШ мұнай өнімдерінің контрабандасынан 500 млн доллар табыс тапқан. Financial Times (FT) басылымы да осындай мәліметтер келтіреді. Олардың жазуынша, ДАИШ аумағында күніне 25-40 мың баррель аралығында мұнай өндіріледі. Осы жылдың маусымында ДАИШ жауынгерлері Ирактағы Байджи қаласындағы ең ірі МӨЗ-ді (мұнай өндірші зауыт) басып алған еді. Үкімет әскерлері оны тек қазан айында қайтарып алды.
Russia Today телеарнасының осы жылдың қарашасында хабарлағанындай террористер Ирак пен Сириядағы 6 мұнай кен орындарын бақылауға алады. Сондай-ақ, исламшылдар Ливиядағы 10 мұнай кен орындарын басып алуға тырысады. "Ислам мемлекеті" сататын қара алтын бағасы нарықтағы салыстырғанда біршама арзанырақ (мұнай баррелі 20-30 доллардан бағаланады).
Наша саудасынан да террористер ірі дивиденттер алады. Мамандардың мәліметінше, ДАИШ-ке тиесілі аймақтардан Ауғанстанға баратын наша саудасы жауынгерлерге жыл сайын миллиард доллар әкеледі. Еуропаға баратын героинның жартысы осы ұйым арқылы барады.
Мұнайдың қаржысы қайда жұмсалынады?
Ондаған, жүздеген адамды құрбан қылған террорлық актілер ДАИШ-ке айтарлықтай үлкен шығын әкелмейді. Қолдан жасалған шағын ғана бомба (А321-ны жарып жіберді деген бомба) шамамен 150 доллар, шахид белдігі 80-100 доллар тұрады. Түрлі дереккөздер бойынша Калашников автоматын Таяу Шығыстағы "қара базардан" 500 доллар мен 3000 доллар аралығындағы бағаға сатып алуға болады. Әрине, жауынгерлер мен жиһадшыларды үйретіп, дайындап, байланыспен қамтамасыз ету де қажет. Бірақ миллиондаған табыс табатын ДАИШ үшін бұл шығындар тиын-тебенмен тең.
"ДАИШ ұйымының ерекшелігі - олардың сот, полиция және шенеуніктер тәрізді барлық құрылымдары бар мемлекет құруға тырысуларында. Және олардың барлығына төлем қажет", - деді әскери сарапшы Виктор Мурахов. Дәл осы жоспар үшін яғни мемлекеттік аппарат, инфрақұрылым шығындарына және жауынгерлерді жаттықтырып, дайындау үшін ДАИШ қаржысының қомақты бөлігі жұмсалады.
Сирия мен Иракта ДАИШ туының астында осы жылдағы бойынша шамамен 80 мыңнан астам адам соғысып жүр. ИМ қадағалап отыратын басқа да ұйымдар Ауғанстан, Пәкістан, Ливия, Египет және басқа да елдердегі қақтығыс қатысуда. FATF ақша жымқыруға қарсы күре бойынша ұйымның мәліметінше, ДАИШ-тегі бір жауынгердің айлық жалақысы айына 350-500 долларды құрайды. Көпшілік бөлігін шетелдік жалдама сарбаздар құрайтын әскері үшін айына 28-40 млн доллар жұмсайды.
Сарапшылардың сөзінше, ДАИШ жауынгерлерінде қазір қару-жараққа тапшылық жоқ. Тіпті соңғы үлгідегі түрлеріне ие. "Американдықтар оппозицияны қаруландыра отырып, ДАИШ-ке осындай мүмкіндік берді. Олардың өзара байланысы бар екендігі белгілі. Жеткізілім қайтарымсыз болғандықтан, ДАИШ бұл үшін еш шығын жұмсаған жоқ",- дейді әскери сарапшы Виктор Мурахов. Олардың әскери қоймасында Т-55, Т-62, Т-72, Тип 69-ІІ, жаяу әскерлердің БМП-1 соғыс көліктері, бронды транспорт және бронды көліктер, 23-57 мм калибрлі зенитті зеңбіректер және артиллериялық қару-жарақтар бар. Дегенмен жұмсалған оқ-дәрі мен жарамсыз қалған техниканың орнын толтыру ДАИШ үшін ең өткір мәселе.
Радикалды исламшылардар қатарын толықтыруға себеп болатын интернеттегі үгіт-насихат кампаниялары мен қорқыныш образын қалыптастыратын түрлі акциялар үшін де ДАИШ қомақты қаржы жұмсайды. Мамандардың атап өтуінше, жаппай дарға асу, басын алу және басқа да қорқыныш тудыратын роликтердің барлығы жай ғана түсіріле салмаған, кәсібилердің қолынан шыққан. Екінші жағынан ДАИШ халифаттағы тоқшылық өмір туралы белсенді жарнама жасауда. Бүгіннің өзінде ISIS (Islamic State of Iraq and ash-Sham) аббревиатурасын бүкіл әлем танып үлгерді.
ДАИШ-тың мұндай медиа-белсенділігі қанша болатындығы белгісіз, бірақ PR-мамандар үшін террористердің қаржы аямайтындығы рас. FT-ның (Financial Times) жазуынша, жергілікті телевизияда жұмыс істеу үшін 1500 доллар (Сириядағы орта жалақыдан 5 есе жоғары), қызметтік көлік, үй және соңғы техникамен жабдықталған студияны пайдалану мүмкіндігін ұсынады. Террористердің үгіт-насихаты негізінен жастарға бағытталады.
Қазір Ресей мен Еуропа елдері ДАИШ-ке әуеден соққы жасауын белсенді түрде жалғастыруда. Олардың айтуынша, осыған дейін террористердің бірнеше мұнай қоймалары жарылған. Синай жартыаралындағы әуе апаты мен Франциядағы жарылыстардан кейін американдық әскерилер де терроризммен күресті қатаңдата түсетіндігін хабарлады. Мамандардың сөзінше, мұның барлығының қаншалықты нәтиже беретіндігі белгісіз. ДАИШ-тың негізгі тамыры болған қаржы көздерін жоймайынша, терроризммен күресті тиімсіз деуге болады.
Фото:Reuters
Ақсәуле Әбітай "7"