Қазақстанда шетелдік арналарды тарататын кабельді операторларға жарнама орналастырмау нормаларын тексеруге мораторий жариялауы мүмкін. Бұл туралы Астанада өткен жиын кезінде инвестиция және даму министрлігінің байланыс және ақпараттандыру саласындағы бақылау басқармасының басшысы Руслан Әбдіқалықов хабарлады.
Оның түсіндіруінше, үкімет 2016 жылдың мамырында заңға өзгерістер енгізуге дайын. Ал оған дейін нарық қатысушылары арасындағы дүрбелеңді басу үшін тексеруге уақытша тыйым салынуы мүмкін.
"Жеке кәсіпкерлерді тексеруге жарты жылға немесе бір жылға дейін мораторий жариялаймыз. Бұл уақыт аралығында заң нормаларын толығымен дайындап шығамыз",-деп атап өтті шенеунік. Оның сөзінше, мораторий енгізу туралы шешім жыл соңына дейін қабылдауы мүмкін. Айта кетейік, осыған дейін шетелдік арналарды тарататын кабельді операторларға жарнама орналастырмау туралы шектеу қабылданған еді. Бұл шешім телерадиотаратушылар тарапынан қарсылық тудырды.
Наразылық тудырған өзгерістің қалай қабылданып кеткені туралы сұраққа Р.Әбдіқалықов бұл норма депутаттар арқылы ұсынылып, министрлікке сараптама тексеру үшін жіберілмеген деп жауап берді.
"Бұл депутаттардың ұсынысы. Регламентке сәйкес барлық жұмыс парламент қабырғасында жүргізілуі қажет еді. Біз телеарналардың мәселелеріне құлақ түрдік, депутаттар қолдау білдірді, норма қабылданды. Бірақ кейін жаңа өзгерістің телеарналарға оң ықпалын тигізгенімен, телерадиотаратушылар үшін үлкен қаржылай шығын әкелетіндігі анықталды", -деп түсіндірді министрлік өкілі.
Жаңа өзгеріс қабылдануының арты нарықта монополия тудырып, 1,5 мыңға жуық адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін.
Фото:1720.kz