Экономика
Ұлттық банк: Мұнай бағасының төмендеуі теңге курсына қосымша қысым түсіреді
Brent маркалы мұнайдың 44,4 доллардан 37,8 долларға дейін төмендеуіне байланысты теңге курсына қосымша қысым түсіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлайды .
"Ұлттық банк теңге курсындағы қысқамерзімді өзгерістерді реттеп отыру үшін ішкі валюта нарығына қатысады. Бірақ шетелдік валютаға деген ұсыныс пен сұранысты анықтайтын факторлардың әрекетіне кедергі болмайды", - делінген реттеуіштің сейсенбіде таратқан хабарламасында.
Ұлттық банктың мәлімдеуінше, теңгенің айырбас курсы бірнеше факторлар арқылы қалыптасады. Ал олар әлемдік қаржы, тауар нарығындағы жағдай арқылы және ішкі нарықтағы шетелдік валютаға деген сұраныс арқылы анықталады.
Еске салайық, осыған дейінгі екі сауда сессиясының қорытындысы бойынша, теңге құны 6 пайызға төмендеп, доллар бағамы 331,47 теңге деп бекітілді.