Алматы. 28 маусым. 7kun.kz - Бүгін Алматыда «3.2.1.Старт!» жобасының финалы өтіп, жеңімпаз анықталды. «Tazalyk» экобокстарын таныстырған Рахим Айбек бас жүлдені иеленіп, идеясын дамыту үшін 1 500 000 теңге көлемінде грант ұтып алды.
Айбектің жобасы қоқысты бөліп жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған экобокстарды (экологиялық қорап) дайындауға арналды. Бұл ойын дамыту үшін ол «Tazalyk» мобильдік қосымшасын жасады. Бұл қосымша арқылы эко тұрғындардың рейтингін бақылауға мүмкіндік береді. Жоба қоқысты өңдеу зауыттарының жұмысын жеңілдетуге көмектеседі.
18-29 жас аралығында 70-тен астам өтініштердің арасынан 8 финалист озып шықты. 10 күндік инкубация кезінде финалистер соңғы презентацияға дайындалып, интенсивті курстардан өтті.
Жеңімпаздарды анықтаған қазылар алқасының құрамында Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрағасы Нұрлан Өтешев пен Дін және азаматтық қоғам министрлігінің өкілі Марат Қасқырбаев болды.