Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі болашақ баспаналарына қаражат жинап жүрген және тұрғын үй төлемдерін алатын 3000 қазақстандық әскери мен арнайы орган қызметкерлеріне СМС-хабарлама жіберді.
Онда «Әскери өнім» бағдарламасының келесі кезеңінің басталу мерзімі мен өтінім беру үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қашан хабарласу керектігі жайында ақпарат көрсетілген.
Бұл тізімге 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін орташа несие сомасының - Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша 25 млн.теңге, ал қалған аймақтар бойынша 15 млн.теңге - 10%-49%-ын жинаған үміткерлер кіреді.
Тізімнің басында тұрған азаматтар қазірдің өзінде несие алу үшін өтінім бере алады. СМС-хабарламада олардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қай мерзім ішінде бару керектігі көрсетілген. Ал, мерзімі кейінге қалдырылған үміткерлерге банк белгіленген уақытқа дейін бір ай қалғанда қосымша хабарлама жібереді. Бұл ақпаратты үміткер, сондай-ақ, интернет-банкингтегі Жеке кабинетінде де қарай алады.
Әскери қызметкерлердің өз уақытын дұрыс жоспарлап, қажетті құжаттарды дайындап үлгеруі үшін, әрбір үміткерге несие өтінімін жолдау мақсатында екі ай көлемінде уақыт беріледі. Мәселен, егер өтінім беру мерзімі ретінде сәуір айы көрсетілсе, онда үміткер несие алу үшін өтінімін 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 2020 жылдың 29 мамырына дейін тапсыра алады.
«Әскери өнім» бағдарламасы бойынша займ алу шарттары өзгертілмеді. Займ жаңа немесе қолданыстағы үйден пәтер алуға және оған жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, үлестік қатысу келісімшарты бойынша беріледі. Бағдарлама талаптарына сай, бастапқы жарна мөлшері 15%-ды, займ бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 8%-ды, ал несиелендіру мерзімі – 25 жылға дейінгі уақытты құрайды.
Айта кетейік, биыл аталған бағдарлама бойынша несиелендіру үшін 60 млрд теңге бөлінген.