Бүгін Алматыда «Қазақстанның банк жүйесіндегі мемлекеттік тілдің рөлі» тақырыбында жиын өтіп, қаржы жүйесіндегі қазақ тілінің жай-күйі талқыланды. Жиынға қатысушылардың айтуынша бұл саладағы қазақ тілінің жағдайы мәз емес.
Банк бөлімшелері мен Call-орталықтарда, жарнамалық роликтері мен сайттарындағы қазақша ақпараттар түсініксіз. Бұған басты себеп-ақпарат алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін қазақшаға аударылатыны.
«Банктік ақпараттарды қазақ тіліне аударудың қажеті жоқ. Қазақ тілінде жазылуы керек. Сонда ғана тұтынушыға түсінікті болады»,-дейді белгілі саясаттанушы, «Ұлытау» жобасының ғылыми жетекшісі, тіл жанашыры Дос Көшім.
Жиынға қатысқандардың айтуынша ақпараттың алдымен орысша дайындалуына себеп – банктердің басшылығында қазақ тілін білмейтін адамдар көп. Сондықтан барлық құжат алдымен орыс тілінде жасалып, кейін қазақшаға аударылады. Яғни, банктерді тек оншақты аудармашы ғана қазақша «сөйлетіп» отыр.
«Бұл мәселенің түзелуіне тек банктер ғана емес, барлық қоғам атсалысуы керек. Банктер статистикаға сүйенеді. Мысалы біз былтыр kaspi.kz сайтын іске қостық. Ең бірінші қазақ тілінде болуына көңіл бөлінді. Алайда, 1 жылдан соң анық болғандай қазақ тіліндегі бетін пайдаланатындар саны мүлдем аз болып шықты. Тіпті әлеуметтік желі бетінде қазақшаны талап ететіндердің көпшілігі банкоматқа, банктердің сайттарын пайдаланғанда орысша бетіне жүгінеді. Егер талап етумен қатар, сұраныс болса, онда қызмет ұсынушы амалсыз қазақшаға көшеді», дейді жиынға қатысқан «Kaspi Bank» АҚ баспасөз хатшысы Ербол Азанбек.
Оның айтуынша Kaspi Bank-те мемлекеттік тілді қолдану өз деңгейінде.
«Клиенттердің бөлімшелерде, Call-орталықтарда қазақ тілінде ақпарат алуына еш кедергі жоқ. Онлайн ресурстар, мысалы kaspi.kz қазақ аудиториясының талабына толыққанды жауап береді. Биыл банктің ішкі сайты толықтай қазақшаланды. Ресми сайт пен әлеуметтік желілерде ақпарат қазақ, орыс тілдерінде тарайды. Былтыр қазақ тілі мен біздің таным-түсінігімізді орыс аудиториясы толық түсінуі үшін «Ситуативный казахский» атты кітабының электронды нұсқасын сайтымызға орналастырып қойдық. Бұл да қазақ тілін үйренемін деушілерге көмек жасау мақсатында істелді. Қазір бізде «Қаржы мәдениеті» атты үлкен бағдарлама жүзеге асуда. Бұл бағдарламаны іске қосу барысында қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы зерттелді. Анық болғандай нағыз қазақи орта Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында қаржылық сауаттылық мәселесі күрделі. Жобаларды жүзеге асыру барысында қазақ тілді жобаларға мән берілді. Қаржы тақырыбындағы ақпаратты көбейттік. Қазір «ЖұлдызФм» радиосы мен «Сұрақ-жауап» сайтында «Қаржы мәдениеті» бағдарламасы мен айдары бар. Былтыр «Жұлдыздар отбасы» журналында қаржы сауаттылығы тақырыбында айдар ашып, жүргізіп отырдық. Сондай-ақ, Forbes.kz сайтында бірінші рет қазақ тілінде қаржы тақырыбындағы ақпараттар топтамасын жариялап отырдық. Қазақша ақпараттардың көбірек жариялануы клиенттерге қазақша ақпараттар көп жетсін деген ниеттен туындаған. Егер қазақ тіліне көңіл бөлінбесе мұның бірі де істелмес еді», дейді ол.
Жиын барысында Ұлттық банктің ұйымдастыру жұмысы және бақылау департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы Kaspi Bank-те мұндай жұмыстардың жүзеге асқаны қуантатынын айтып, басқа банктерге үлгі болса деді.
Айта кетейік аталған жиынға еліміздегі 35 банктің екеуі ғана өкілін жіберіпті. "Бұл банктердің қазақ тіліне салғырт қарауының белгісі" дейді ұйымдастырушылар.
Жиын барысында Ұлттық банк өкілдері мемлекеттік тілді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ, til-audit.kz жобасының өкілі банктердің сайттарына жүргізілген мониторинг қорытындысын ұсынды. Жиынға қатысушылар мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұратын комиссия құрып, банктердегі мемлекеттік тілдің жағдайына толық сараптама жүргізу қажеттігін айтты.