Экономика
AFP агенттігі беделді басшылардың тізімін жасады: Меркель неге бірінші?
Agence France-Presse француз ақпарат агенттігінің журналистері ең беделді деген басшылардың тізімін ұсынды. ГФР канцлері Ангела Меркель рейтингтің басында орналасты. Ресей Президенті Путин екінші орынға табан тіреген.
AFP редакциясы Меркельдің ұстанған саясатына "өте жақсы" деген баға беріп, көшбасшы санады. Мұндай таңдау жасауға канцлердің елге келген босқындарды қабылдауы мен Грекиядағы ахуалға байланысты қадамдары әсер етті дейді журналистер.
Владимир Путин өткен жылы бірінші орында болған еді. Биылғы меже - күміс жүлде. Француз агенттігі Украинадағы дағдарыстың салдарынан Ресейге енгізілген санкцияларға қарамастан, халықаралық дипломатия аренасында өз беделін қайтадан қайтарғанына мән берген.
Үшінші орынға рим әкейі Францис жайғасты. Одан кейінгі орында 2015 жылы бірнеше терактіні бастан кешірген Париждің беделді тұлғалары (жиынтық образдардан құралған) орналасты. "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының көшбасшысы Абу Бакр аль-Багдадидің беделі бесінші орынға лайық деп танылды.
Мьянмалық 70 жасар саясаткер, "Демократия үшін ұлттық лигасының" көшбасшысы, 1991 жылы Нобель сыйлығы иеленген Аун Сан Су Чжи (Aung San Suu Kyi) - алтыншы орында.
Аталған тізімді АҚШ Президенті атануға үміткер, миллиардер Дональд Трамп жалғады. Сегізінші орында Грекияның премьер-министрі Алексис Ципрас мен осы елдің экс-қаржы министрі Янис Варуфакис бірге орналасты. Соңғы орындарға лайық деп футбол әлемінің шеттетілген ФИФА президенті Йозеф Блаттер (тоғызыншы орын) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифті таңдаған.