Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстан Жаңа жылға қалай дайындалды?

Қазақстан Жаңа жылға қалай дайындалды?

Желтоқсан айы қарсаңында елімізде әдеттегі мерекелер "тартысы" басталады. Тәуелсіздік мерекесін қалай атап өту керек және Жаңа жылға дайындық қай кезден басталуы қажеттігі әлеуметтік желі беттерінде қызу талқыға салынады. Көпшілікті мерекелердің мәнінен бөлек қалай аталып өтілетіні, және ең бастысы бюджеті қызықтырады. 7kun.kz жаңа жылды қарсы алуға Қазақстанның әр өңірінде қалай дайындалғаны мен қанша қаражат жұмсағанын анықтап көрді.   

Кей өңірлер бірнеше миллион бөлсе, кейбірі бюджеттен Жаңа жылдық шығынды алып тастаған.  Айта кетерлігі, облыс бюджетінен қаржы болмағанымен, барлық облыстарда орталық қаланы безендіру үшін ақша табылған.  Дағдарысқа байланысты, кейбір қалаларда жаңа әшекейлерді сатып алуға шектеу қойылып, ескі әшекейлер қайта жөнделіп, көшелерге ілінген. Кейбір қалаларда көшелерді сәндеуді жеке кәсіпкерлер жүзеге асыруда. Жаңа жылды қарсы алуға көп қаржы жұмсағандардың бірі - Павлодар облысы. Облыс бойынша мерекелік безендіру, шырша орнату және мүмкіндігі шектеулі, жағдайы төмен балаларға сыйлық жасау үшін 52 млн 425 мың теңге жұмсалды. Павлодар қаласын безендіру үшін 41 млн теңге жұмсалған. Маңғыстау облысы бойынша Жаңа жыл мерекесіне биыл барлығы 45 млн 726 мың теңге бөлінді. Оның ішінде безендіруге 31 млн 23 мың теңге, ал көпшілік мәдени іс-шараларға 14 млн 703 мың теңге жұмсалады. Ақтау қаласы бойынша барлығы 28 млн 465 мың теңге берілген. Оның ішінде безендіруге 18 млн 465 мың теңге, ал көпшілік мәдени іс-шараларға 10 млн теңге қаржы бөлінген. Алматы қаласын безендіруге және Жаңа жылдық шыршаға 50 млн теңге қаражат бөлінді. Ал облыс орталығы Талдықорғанда орталық алаңды және қаланы безендіруге 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Қала орталығына орнатылған 21 метрлік шырша осыдан 3 жыл бұрын сатып алынған. Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жылға деп облыстық бюджеттен 23 млн теңге бөлінген. Оның 21 млн теңгесі Петропавлск қаласына жұмсалады. 2 млн теңге өзге аудандарға жіберіледі. Ал Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Жаңа жылды мерекелеу үшін 2 млн теңге бөлінген. Ұйымдастыру жұмыстары үшін тендер жүргізілген жоқ, жауапты - Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Безендіру кезінде өткен жылғы құрылғылар пайдаланылған. Жамбыл облысы бойынша Жаңа жыл мерекесін атап өтуге бюджет бөлінбеген. Ал облыс орталығы Тараз қаласын безендіруге 1 млн теңге жұмсалды. Оңтүстік Қазақстан облысына Жаңа жыл үшін бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Ал Шымкент қаласына бөлінген 80 млн теңге жетім және аз қамтылған балалар үшін жұмсалады. Қала іші жеке кәсіпкерлер арқылы безендіріліп жатыр. Қостанай қаласы әкімдігінің тарапынан Жаңа жылды мерекелеуге, оның ішінде қаланы безендіруге арнайы қаржы бөлінбеді. Баспасөз қызметінің хабаралауынша, жыл сайын мемлекеттік мерекелер үшін қаржы бөлінеді. Биылғы сома - 40 млн теңге. Оның ішінде 15 млн теңге Тұңғыш Президент күніне, Тәуелсіздік күніне және Жаңа жылға қаланы безендіруге жұмсалды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Атырау облысының баспасөз қызметі де мерекені тойлау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінбегендігін хабарлады. Мерекені атап өту үшін арнайы шара ұйымдастырылмаған. Облыстық әкімшілік корпоративті кеш өткізбейді. Қарағанды облысы да "бюджет қаражатын қатаң үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында" жаңа жыл мерекесін атап өтуге қаржы бөлінген жоқ. Қарағанды қаласын безендіруге де ақша қарастырылған жоқ. Тек өткен әшекейлер пайдаланылған. Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, корпоративтік кеш те өткізілмейді.  Дәл осылай Қызылорда облысы да Жаңа жылдық мерекені тойлауға бюджеттен қаржы қарастырмаған. Мәліметтердің барлығы облыс, қала әкімдерінің баспасөз қызметінен алынды.  

Похожие материалы