Экономика
Сенат ҚР мен ХҚҚДБ арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялады
Парламент Сенатының пленарлық отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған заң 2014 жылдың мамыр айында ҚР Үкіметі мен Бүкіләлемдік Банк Тобы арасындағы серіктестік туралы Негіздемелік келісімді жүзеге асыру мақсатында жасалған.
Көрсетілген келісімге сәйкес, халықаралық қаржылық ұйымдармен бірлесе отырып бірқатар жобаларды, оның ішінде Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің 100 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қарызы есебінен жүзеге асырылуы жобаланып отырған Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімі (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 7 шілдедегі № 54 Жарлығымен мақұлданып, 2015 жылғы 20 шілдеде ҚР Қаржы министрінің қолы қойылды.
Жобаның мақсаты:
- толыққанды Ұлттық біліктілік жүйесін құру, техникалық және кәсіптік білім беру, жоғарғы білім бағдарламалары мен оқытудың өзектілігін арттыру;
- нысаналы бенефициарлардың еңбек дағдылары мен жұмыспен қамту салаларындағы нәтижелерді жақсарту, жоғары білікті мамандарды еңбек нарығының біліктілік талаптарына сай даярлау.
Жобаны іске асырудың күтілетін нәтижесі экономикалық дамудың перспективалы міндеттеріне сай келетін, жоғары технологиялық өндіріс ерекшеліктерін ескеретін заманауи біліктілік жүйесін құру, сондай-ақ, нарық ұсынысы мен сұранысы арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік беретін ағымдағы сұранысқа сәйкес еңбек нарығындағы ұсыныстарды дамыту болып табылады.
Жобаны аяқтау 2020 жылдың 30 маусымына жоспарланып отыр.
Фото: kapital.kz