Экономика
Регионы
ОҚО-да мемлекет қазынасына 34 млрд. теңгеге жуық кедендік салықтар мен төлемдер түсті
Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекет қазынасына 34 млрд. теңгеге жуық кедендік салықтар мен төлемдер түсті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оңтүстік Қазақтанда бүгінгі таңда 10 кеден бекеті қызмет атқаруда. Олар: «Шымкент – кедендік рәсімдеу орталығы», «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ, «Түркістан», «Қазығұрт», «Жібек Жолы», «Қапланбек», «Сарыағаш стансасы», «Б.Қонысбаев», «Атамекен», «Әуежай-Шымкент». Облыс бойынша кеден блогының қызметкерлерінің жалпы саны 577 құрайды.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, 2015 жылдың қорытындысы бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі 33 млрд. 889 млн. тенгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,57% артығымен орындалған.
2015 жылы кедендік шекара арқылы бақылаудан 8 млн. 275 мың жеке тұлғалар, 45 мың жеңіл автокөліктер мен 49 мың жүк автокөліктері, 606 мың жүк вагондары 1 мың жолаушылар пойызы және 615 әуе рейсі өткен. Ал 23 354 тауарларға арналған декларациялары ресімделген.
Айта кетейік, 26 қаңтар Кеденшілердің халықаралық кәсіби мерекесі. Дүниежүзілік Кеден Ұйымы 1950 жылы Кедендік кеңестер достастығы ретінде құрылған, қазіргі атауымен 1994 жылдан аталады. Бүгінде 170-тен астам мемлекетке мүше бұл ұйым халықаралық сауданың шамамен 98% бақылап отырады.