Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жеке кәсіпкер боламын десеңіз

Жеке кәсіпкер боламын десеңіз

Халық арасында «жеке кәсіпкерлікті тіркеу қиын, жинайтын құжаттары көп, ал салық есептіліктерін уақытылы тапсырып отыру тіпті қолымнан келмейді» деген жаңсақ пікір бар. Алматы қаласындағы Бостандық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Гүлнұр Шолпанқұлова 7kun.kz оқырмандары үшін арнайы кеңесімен бөліседі. 

Жеке кәсіпкерлікті тіркеудің екі жолы бар. Бірінші жолы жеке куәлігіңіз бен жеке кәсіпкердің орналасу орнын растайтын құжаттарыңызды алып, салық басқармасына барып тіркейсіз. Немесе электронды қолтаңбаңыздың көмегімен egov.kz сайты арқылы электронды түрде тіркейсіз. Бұл жағдайда ешқандай құжат талап етілмейді және ЖК 15-20 минуттің ішінде тіркеліп, тіркеу куәлігіңіз дайын болады. Сонымен қатар, 2016 жылдың  1 қаңтарынан бастап, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу бойынша төленетін алым алынып тасталды, яғни бүгінде ЖК тіркеу - тегін қызмет түрі. ЖК тіркеу барысында салық режимін дұрыс таңдау өте маңызды. Алдымен барлық салық режимдерімен танысып, салыстырып көріп, өз кәсібіңізге ыңғайлысын таңдаңыз. Салық режимдерінің кең тараған 3 түрі бар:
  1. Жалпыға бірдей қолданылатын салық режимі. Бұл режимді таңдасаңыз, таза табыстан 10% салық төлеуіңізге тура келеді. Салық есептілігі әр тоқсан сайын, яғни 3 айда бір тапсырылады.
  2. Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимі. Бұл режимге сәйкес жалпы айналымнан 3% салық төлеп, салық есептілігін жарты жылда бір мәрте ғана тапсырасыз. Алайда бұл режимге сәйкес келмейтін қызмет түрлері бар. Олармен Салық Кодексінің 428  бабында таныса аласыз. Сонымен қатар, жарты жылдық табысыңыз 1400 ЖТМ – нен аспауы тиіс.
  3. Патент негізіндегі арнаулы салық режимі. Патент алдын-ала төленетін салық режимінің түрі. Яғни, ЖК-ні тіркеген күні алдын-ала бірнеше айға немесе бір жылға салығыңызды төлеп, салық есептілігін өткізіп қоясыз. Мұндағы салық мөлшерлемесі 2%, ал 1 жылдық табысыңыз 300 ЖТМ – нан аспауы керек. Және есіңізде болсын, бұл режим бойынша жалдамалы жұмысшының еңбегін қолдануға болмайды, жеке кәсіпкер тек бір өзіңіз жұмыс істей аласыз.

Салық есептілігін тапсыру жолдары 

Салық Кодексінің 68 бабына сәйкес салық есептіліктерін тапсырудың 3 жолы бар:
  • Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тапсыру. Салық төлеуші салық есептілігін қағаз жеткізгішпен орталыққа барып табыстайды.
  • Пошта қызметі арқылы. Салық есептілігі тапсырыс хат арқылы жіберіледі.
  • Электрондық түрде табыс ету. Барынша ыңғайлы түрі. Салық есептілігін электронды түрде тапсыру жолын таңдасаңыз, компьютерді қолданып білмеймін деп уайымдамаңыз. Әр салық басқармасында арнайы жабдықталған бөлмелер бар және ол жерде сізге салық басқармасының мамандары көмектеседі.
Өзіңізге ыңғайлы үш тәсілдің кез келгенін қолдануыңызға болады. Бастысы есепілік уақытылы тапсырылуы тиіс. Салық есебін тапсырғаннан кейін қолма қол ақшамен касса арқылы немесе қолма қолсыз тәсілмен интернет банкинг арқылы салықты төлеуді ұмытпаңыз. Егер ЖК тіркегеннен кейін қандай да бір қиындықтарға тап болып, кәсібіңіз тоқтап тұрса, Салық Кодексінің 73 және 74 бабтарына сәйкес 5 жылға дейін ЖК тоқтатып, сол уақыт аралығында салық есептіліктерін тапсырмауыңызға болады. Тағы бір ескеретін маңызды жайт -  ЖК тіркелген бірінші күннен бастап, салық есептерін тапсыру міндеттілігі жүктеледі. Табыс таппасаңыз да, нөлдік көрсетпішпен салық есебін тапсыруға міндетті екендігіңізді ұмытпаңыз. Салық есебін уақытылы тапсырып, салықтарды уақытылы төлеп отырсаңыз ЖК кәсіпкерлікті жабу кезінде ешқандай қиындыққа тап болмайсыз. Салық Кодексінің 43-1 бабына сәйкес ЖК  3 күннің ішінде жабылады.  Сондықтан заңды түрде тіркеліп, кәсібіңізді ашуға еш қорықпаңыз! Бастысы барлық міндеттемелеріңізді уақытылы орындасаңыз болғаны. Фото:tbis.ru

Похожие материалы