Алматы. 16 сәуір. 7kun.kz – 2019 жылдың 12 сәуіріндегі жағдай бойынша 35 300 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 7,8 млрд теңге құрайтын негізгі қарызын төлеген, - деп хабарлайды ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Бұл салық төлеушілер бойынша 2 млрд теңге өсімпұл және 230,0 млн теңге айыппұл есептен шығарылатын болады.
Бүгінгі күні 14 656 салық төлеуші бойынша 1,3 млрд теңге сомасында өсімпұлдар, 33 салық төлеуші бойынша 1,1 млн теңге сомасында айыппұл есептен шығарылды.
Бұл ретте, шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ: өсімпұлдар мен айыппұлдар салық төлеушінің өтінішінсіз есептен шығарылады. Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілерге қатысты рахымшылық қолданудың тәртібі басқаша.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енгені белгілі. Ал 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап Бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енген болатын.
Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 340,6 млрд теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рахымшылыққа жататынын естеріңізге саламыз.