Экономика
Жария ету науқаны аясында 205 млрд теңге қаражат заңдастырылды
Жария ету науқаны аясында 2014 жылдан бері заңдастырылған қаражат 205 млрд теңгені құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысы Ерлан Сағынаев мәлім етті.
«Бүгінге дейін жария етілген қаражат 205 млрд теңгені құрап отыр. Ал науқан аясында инвестицияланған қаражатқа келсек, 2015 жылдың бірінші желтоқсанына дейін ел экономикасына 42 млрд теңге инвестицияланды. Инвестицияның басым бөлігі екінші деңгейлі банктер облигациясына тиесілі», - деді Е. Сағынаев.
Оның айтуынша, 2014 жылдың қыркүйек айында жария ету науқаны басталғалы бері 704 млрд теңгеге қатысты өтініш түскен. Оның ішінде 498 млрд теңге жылжымайтын мүліктерді заңдастыру болса, 205 млрд теңге ақшалай қаражаттар, ал 1 млрд теңгесі шет мемлекеттердегі мүліктерді заңдастыруға қатысты болып отыр.
«Заңдастырылған қаражатты жекешелендіру бағдарламасына қатысатын нысандарын сатып алуға жұмсауға да болады. Тұтастай алғанда жария ету субъектісі өздерінің заңдастырған қаражатын өз қалауынша ешқандай да шектеусіз басқара алады. Тек біз, олардың жекешелендіру бойынша бағдарламаны пайдалану құқықтары бар екенін еске салғымыз келеді», - деді Е.Сағынаев.