
Үкіметтің арнайы резервінен 2016 жылы іскерлік белсенділікті арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға 100 млрд теңге бөлінді. Оның 2 млрд теңгесі Маңғыстау облысына беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Алик Айдарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды lada.kz.
Аймақ басшысы Үкімет 2016 жылға арналған дағдарысқа қарсы қосымша іс-шара қабылданғанын және іс-шара халықты жұмыспен қамтумен қоса, негізгі төрт бағыттан тұратынын айтты.
"Бұл қаржыны тиімді әрі толық игеру экономикалық белсенділікті арттырып, халықтың жұмыспен қамтылуын және экономика өсімін қамтамасыз етеді", - деді ол.
Алик Айдарбаев "Жұмыспен қамту жол картасы - 2020" жобасы аясында қосымша қаржы әлеметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеуге, микрокредит көлемін арттыруға және жұмыс берушілердің жұмыс орнын сақтап қалу үшін кеткен шығындарын субсидиядауға жұмсалатынын атап өтті.