Қазіргі кездегі теңге курсының нығаюы Мәжіліс сайлауына еш қатысы жоқ. Доллар курсының төмендеуі қазіргі нарықтағы жағдайға байланысты. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «2016 CFO Idea Exchange-Networking Event» саммитінде экономист, Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Ораз Жандосов мәлімдеді.
"Шын мәнінде теңге курсы емес, мұнай бағасы өзінің құлдырау шегіне жеткен сияқты. Енді бұдан ары құлдырау болады деп ойламаймын", - деді Ораз Жандосов.
Ал саммит кезінде Ұлттық банктің тәуелсіздігіне қатысты сұраққа экономист қысқаша жауап қайтарды.
«Мен Ұлттық банктің тәуелсіздігі әлдеқайда дамыған және экономикалық әртараптандырылған мелмекетте болуы керек деп ойлаймын. Дегенмен Ұлттық банктің саяси тәуелсіз болуы біздегі Ұлттық қор мен банктік реттеуге және қазіргі уақыттағы экономикалық құрылым мен капиталдың және биліктің концентрациясына байланысты мүмкін емес сияқты. ҰБ-ның шынайы тәуелсіздікке жетуі нағыз дамыған елде ғана мүмкін болады", - деді Ораз Жандосов.