Экономика
397 мемлекеттік нысан 199 млрд теңгеге сатылды
Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz - 10 сәуірде премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жекешелендіруді жүргізу барысы қаралды деп жазады primeminister.kz.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылдың І тоқсанындағы Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы 2016–2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарының 877 нысаны бойынша толық ақпаратты қамтиды.
«Өткен кезеңде Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 482 нысан сатылымға шығарылып, оның 397-сі сатылды. Сату бағасы 199 млрд теңгені құрады. Бұдан өзге, 274 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Осылайша, бүгінде қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 76 пайызды құрайды», — деді Бақыт Сұлтанов.
Биыл 265 нысанды өткізу көзделген, оның ішінде І тоқсанда — 40 нысан. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша 45 нысан сатылымға шығарылып, олардың ішінен 19 млрд теңге сомасына 20-сы сатылды. 10 нысан бойынша тарату туралы шешім қабылданды.