Экономика
eGov-ты іске қосқаннан бері 46 мрлд теңге қаржы жұмсалған
Электронды үкімет порталының қызметіне 46 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы Астанадағы брифинг кезінде инвестиция және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов хабарлады.
"2006 жылдан бері есептесек, тек электронды үкіметке 46 млрд теңге жұмсалған. Бірақ біз әлі 2015 жылдың нәтижесін шығарған жоқпыз", -деді ол.
Вице-министрдің атап өтуінше, 5 млн-нан астам адам немесе экономикалық белсенді халықтың жартысынан астамы - портал қолданушылары.
"Бүгінде Қазақстанда 10 млн-нан астам электронды қолтаңба берілген, олардың 4,5 млн-нан астамы жеке төлқұжаттарының чипіне жазылған. Қазір электронды үкімет порталында 240, ал жалпы электронды үкімет инфрақұрылымы арқылы 900 қызмет түрі жүзеге асырылады", -деп түсіндірді вице-министр.
Сондай-ақ вице-министр электронды қызмет көрсетудің жаңа бір деңгейі ретінде мобильді үкіметті де атап өтті.
"Мобильді қосымша арқылы азаматтар 80-нен астам қызметтерді жүзеге асырады. Мысалы, медициналық ұйымға тіркеліп, шетелге шығар кезде борышкерлер тізімінен өз аты-жөніңізді тексеруге тіпті некеге тұру үшін электронды арыз беруге де болады", -деп атап өтті ол.