Экономика
Қазақстанда Көші-қон қызметі комитеті құрылады
Астана. 6 қаңтар. 7kun.kz - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығымен Қазақстан Республикасының Үкіметіне ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетін құруды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл туралы Қазақпарат жазады.
2017 жылдың 1 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасының 2017 - 2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірленуі тиіс. Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы Жарлыққа қол қойды.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) қайта бөлiнетiн штат саны шеңберінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетін құруды;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар арасында штат санын қайта бөлуді;
3) 2017 жылғы 1 сәуірге дейін Қазақстан Республикасының 2017 - 2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеуді;
4) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін», делінген құжатта. Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелген. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.