Түркістан. 13 қыркүйек. 7kun.kz – Түркістанда 6,5 миллион теңге айыппұлы бар жүргізуші анықталды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Шымкент қаласының жеке сот орындаушылары тарапынан Жедел басқару орталығына айыппұл құны 6,5 млн теңгеге жеткен көлікті анықтап беру туралы сұраныс түскен. Ал полицейлер сол күні-ақ бейнебақылау камералары арқылы іс-шаралар кешенін жүргізіп, күмәнді көлікті Түркістан қаласындағы көшелердің бірінен тоқтатты.
«Борышкердің автокөлігі айыптұраққа қойылды. Жалпы, жыл басынан бері полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен берешектері мен әкімшілік айыппұлдарын төлеуден жалтарған 20-дан астам автокөлік иесін анықтады» – деді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.