Алматы. 30 наурыз. 7kun.kz - Алматыда екі аптадан кейін электравтобустар сынақ тәртібінде жүре бастайды. Бұл туралы "Алматыэлектркөлік" ЖШС жетекшісі Ризван Цинаев мәлімдеді. Бұл туралы Tengrinews.kz жазады.
Автобустар әзірше трамвай депосында қуат алады. Бірақ қалада электркөлікті толықтай енгізу үшін қай орындарда инфрақұрылым салу керек екенін шешу қажет. "Автобус таңертен желіге шығуы үшін белгілі бір қуат алуы керек. Менің білуімше, электравтобустардың қуаты 70 шақырымға жетеді. Сәйкесінше, ол әр айналымда қуат алып отыруы керек. Сондықтан соңғы аялдамаларда қуат көзі болуы тиіс. Қазір біз қуат көзін қайда орнатуға болатынын іздестіріп жатырмыз. Сондықтан автобустардың нақты бағыты әлі анықталмады", - деді Цинаев.
Ол электравтобустарды әлемде тек Қытайды ғана жаппай қолданатынын айтты. Ал басқа елдерде қолданыс аз. Тіпті Еуропада тек сынақ ретінде жүреді. Сол себепті Қазақстанға да электрлі көліктерді сынақ тәртібінде енгізеді.
Еске салсақ, 2016 жылы Алматыда электр көзімен жүретін автобустарды құрастыратын қазақстандық және қытайлық біріккен кәсіпорын іске қосылған. Өндіріс кешені сыйымдылығы 58 адамнан 90 адамға дейін болатын автобустар шығарады. Автобустар 10-12 минут қуат алғаннан кейін 70 шақырымға дейін жүре алады.