Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Біздің қолымыздан келеді!

Біздің қолымыздан келеді!

Мен қазір Сингапурдамын, ары қарай Куала Лампур мен Лангкавиға баруды жоспарлап отырмын. Бірақ айтайтын дегенім бұл емес.

Жұмыс бабымен де, жалпы өмірде де жиі саяхаттауға «мәжбүр» болам. Саяхаттап жүріп Қазақстаннан шыққан таланты әрі қызықты адамдарға кезігем. Әрқайсының тағдыры өзінше қызық, өзінше ерекше. Олармен әңгімелескен сайын әрқайсының  тағдырын өз басынан кешкендей күйде болам. Енді осындай ерекше тұлғалардың «тарихын» өзім ғана тыңдай бермей, сіздермен де бөлісіп тұрамын деп шештім.  Бұдан не пайда? Біріншіден, бұл басқа адамдарға, әсіресе жастарға мотивация береді. Сосын осындай постыларыммен әлгі адамдардың өздеріне ары қарай талмай еңбектенуіне жігерлендірсем деймін. Жәні бір пайдасы бұл маған түрлі адамдардың өміріне бей-жай қарамайтын қасиетімді шыңдай түсуге көмектеседі.

Жоғарыда жазғанымдарымды себеп ете отырып, шетелде тұратын қазақстандықтар туралы жазатын «Біздің қолымыздан келеді!» айдарын ашпақпын.

Атауының бұлай қойылуы да сәйкестік емес. Ішінде «біз» сөзі болғандықтан бұл біріктіреді. Екіншіден бұл біздің «қолымыздан келетінін» айтып тұр. Сосын мұның болашаққа қарата айтылғаны тағы бар. Демек, біздің қолымыздан бәрі келеді.

Сонымен, алғашқы кейіпкердің тақырыбы мынадай.

Бүгін кездескен жаңа танысымның аты – Абзал Ахметжанов. Сингапурда екенімді айтып видео жариялағанда, менің жекеме жазып, кездесуге шақырды. Өзін Оңтүстік-Батыс Азиядағы ірі IT компаниялардың бірінде жұмыс істейтін маман ретінде таныстырды. Қызығушылық танытып, кездескен соң, уақытымның бекер өтпегенін түсіндім.   

[caption id="attachment_65759" align="alignnone" width="960"] Жеке парақшасынан.[/caption]

Абзал 1986 жылы Алматыда дүниеге келген. Отбасында артынан ерген інісі мен қарындасы бар. Бауыржан Момышұлы атындағы 131-мектептің қазақ сыныбында оқыған. Үздік оқығанымен, мектептің деңгейін төмен санап, Мәметова-Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы физика-математикалық 90-лицейге ауысып кеткен. 10-11 сыныпты сонда оқып, сол мектепті бітіріп шықты. Кейін Энергоинституттың «Бағдарламалау» мамандығына оқуға түседі. Оқуға түскенде Абзал көп уақытын компьютерлік ойындарға жұмсап,  біраз уақыт бойы соны ермек етіп кетеді. Уайымдаған ата-анасы кейді компьютердің шнурларын тығып та қоятын.

2007 жылы Абзал VPN базасындағы GG-Game ойын платформасына қатты қызыға бастайды. Ол платформада ойыншылар "Garena shels" деп аталатын (аудармасы – Гареннің қабыршақтар) виртуалды ақшамен саудаласатын. 2007-2009 жылдары Абзал жалпы құны 660 мың долларды құрайтын "Garena shels" сатып, GG-Game компаниясының аяққа тұруына көмектеседі.

Энергоинститутты бітірген соң, тура бір аптадан кейін, GG-Games компаниясы оны  ТМД аумағы бойынша платформаның дамуы басқармасының жетекшісі ретінде жұмысқа шақырады. Осылайша ол Мәскеуге көшіп кетеді. Сонда жүргенде, Тимирязев академиясында оқып жүрген 2013 жылы вьетнамдық қызға үйленеді. Ата-анасы Бота деп атап кеткен арудың шын есімі – Vuong екен.

Ол орыс, ағылшын, сондай-ақ, вьетнамша да еркін сөйлейді. Қазір олардың 2 жарым жастағы Айша атты қызы бар. Бота фото-көшірме құралдары компаниясында сату жөніндегі менеджері болып қызмет етеді екен.

Абзалға қайта оралсам. GG-Games компаниясы оны жұмысқа шақырған кезде 35-40 шаршы метрлік кеңседе небәрі 9 адам жұмыс істеп, қаржыны мүмкіндігінше үнемдеп жұмсаған екен. Ал бүгінде Garena компаниясында 6 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тайланд, Вьетнам, Гонконг, Тайван, Малайзия мен Сингапурда кеңселері бар.

Абзал компанияда Expert Product Manager болып жұмыс істейді. 5 мобильді және 10 онлайн ойыннан тұратын платформаны жүргізеді. Ол айына 9 000 сингапур доллар (бұл шамамен 7 000 АҚШ доллары) жалақы, жылдық бонус ретінде 3 айлық алады, кез келген уақытта қызметтік демалыс, ең бастысы компанияның  құны 260 млн долларды құрайтын бақылаушы акциясына ие. Жуырда IPO-ға шыққалы отыр екен.

Солай. Шамамен, бір сағаттай қазақша сөйлестік. Ана тілінде сөйлесудің сағынып қалғандай көрінді. Көз алдымда Абзал қарапайым әрі мақсаты айқын азамат ретінде қалды. Өзіне не керек екенін нақты біледі, сүйікті ісімен айналысады. Жұмысы да өнімді. Бір күні еліме пайдам тиер деп үміттеніп отыр. Ал, оқырман, қолымыздан бәрі келетініне сеніңіздер!

Похожие материалы