Министр: Қазақстан 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына кірмей қалуы мүмкін
Астана. 31 наурыз. 7kun.kz - Еліміздің қазіргі экономикалық өсімін ескерсек, 2050 жылға дейін дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру міндеті орындалмай қалуы әбден мүмкін. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай мәлімдеді.
Бүгінде Қазақстанда адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 25 мың доллар. Ал дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін бұл көрсеткіш 60 мың долларға жетуі тиіс.
«Біздің есебімізге сәйкес, еліміздің қазіргі 3-3,5 пайыздық экономикалық өсімімен 2050 жылға дейін дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру мүмкін емес. Сол себепті экономикалық дамудың жаңа моделін қолға алу қажет. Сөйтіп отандық экономиканың бір жылдық орташа өсімін 5-6 пайызға дейін жеткізу керек», – дейді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, экономикалық дамудың жаңа моделі аясында өндіріс пен ауыл шаруашылығын барынша дамыту қажет. Бұдан бөлек, ірі кен орындарын игеруді жалғастырған жөн. Жалпы отандық өнеркәсіптерді теxнологиялық жағынан жаңғырту шараларын жалғастыра беру керек. Бұл міндеттің бәрі президенттің биылғы жолдауында да көрсетілген.