Алматы. 4 сәуір. 7kun.kz - Кәсіпкерлер палатасы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына, «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға өтініш қабылдауды бастады. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының баспаөз қызметі хабарлады.
Байқауларға Қазақстан Республикасында тауар өндіру, қызмет көрсетумен айналысатын (қару-жарақ, әскери техника шығарудан басқа) жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.
Ал 50%-дан астам үлесінде мемлекет қатысуы бар және реабилитация мен банкроттық процедуралар жүргізу туралы шешім қабылданған мекемелер қатыса алмайды.
«Қазақстан ДСҰ мен ЕАЭҚ мүше болған соң, бизнестің үшін өз тауарларын шетел нарығына шығаруға үлкен мүмкіндіктер ашылды. Енді қазақстандық кәсіпорындардың мақсаты осы нарықтағы тауар сапасы мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру болмақ. Ал осындай ұлттық байқаулар өңірлік бизнестің әл-ауқатын анықтауға мүмкіндік береді», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сертификация бойынша маманы Бибігүл Омарова.
Айта кетейік, байқауларға қатысу туралы өтініштер осы жылдың 15 сәуіріне дейін қабылданады. Одан кейін сертификация саласындағы мамандар мен кәсіпкерлерден және журналистерден тұратын сарапшылар тобы облыстық кезеңнің жеңімпаздарын анықтайды.
Сонымен қатар, кәсіпорындардан «Іскер», «Ұлы дала елі», «Парыз» байқауларына қатысуға өтініш қабылданады. Мысалы, өткен жылы «Парыз» бизнестің әлеуметік жауапкершілігі бойынша байқауында «ТК Метакон» ЖШС «Еңбек құқығын қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымының күміс статуэткасына ие болды. «ТАТЭК» АҚ «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында қола жүлдені иемденді. «Ұлы дала елі» зонтикалық брендін пайдалану құқығына «Қайнар-АКБ» компаниясы үздік болып танылды.
2015 жылдан бері «Алтын сапа» сыйлығы конкурсының және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің ұйымдастырушысы міндетін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы өңірлік палаталар атқарып келеді. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің басты мақсаты - отандық кәсіпорындар мен ұйымдар өнімдерінің сапасын арттырып, оның қызметін өзектендіру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жағдай жасау, сонымен қатар, сапа идеяларын көпшілікке тарату. Байқау 2001 жылдан бері «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша өткізіліп отыр.