Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жолдауында ұлттық компанияларды жекешелендіру процесін жеделдетуді тапсырды. Сарапшылар мемлекет өз үлесіндегі компанияларды сатуға мүдделі болғанымен, олардың «жылдары бойы жинаған» қарызы жекешелендіруге кедергі келтіріп жатқанын айтады.
2016 жылдың соңындағы ақпарат бойынша, Қазақстан экономикасындағы мемлекет үлесі 60 пайызды құрады. Бірнеше жыл бұрын президент үкіметке бұл көрсеткішті 2020 жылға дейін 15 пайызға түсіру тапсырған еді. Бірақ Назарбаев өзінің жаңа жолдауында толық жекешелендіру жүргізіліп бітуі тиіс мерзімді екі жылға қысқартып, 2018 жылы аяқтауды міндеттеді. Осы екі жыл ішінде мемлекет мүлкі саналатын 635 кәсіпорын сатылуы тиіс.
Қазақстанда жекешелендіру 90-жылдардан бастап жүргізіліп келеді. Басылымдардың біріне сұхбат берген «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясының құқықтық қамсыздандыру департаментінің басшысы Азамат Қамшыбаев ол кезде бұл науқан сәтсіз аяқталғанын айтқан. Жекешелендірудің екінші кезеңі 2014 жылы басталып, аталған мерзімде мемлекет мүлкін сатудан түскен табыс 47 пайызға артты. Бірақ сол жылы 407 мемлекеттік компанияның акциялары сатылғанымен, оның 105-і ғана толықтай жекеменшікке өткен.
Өткен жылы да Қазақстан экономиканың тұралап қалуына байланысты мемлекеттік компанияларды жекешелендіру 2015 жылмен салыстырғанда 16 пайызға бәсеңдеді. Бүгін өткен үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі 2017 жылы - 280 компания, 2018 жылы 84 компания саудағы шығатынын мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, мемлекет түрлі бағдарламалар арқылы жекешелендірудің сәтті өтуіне мүдделі болғанымен, ондағы қарыз көлемінің көптігінен кәсіпкерлер мемлекеттік компанияларды сатып алуға құлықсыз болып отыр. Экономист Жарас Ахметов жекешелендіру шарттары сатып алушыларға тиімсіз екенін айтады.
- Неге тиімсіз екенін мына мысалмен-ақ түсіндірейін. Атырау мұнай өңдеу зауытының қарызы көп, пайдасынан шығыны асады. Өз капиталы минус 60 млрд теңге, жиналып қалған шығындары – 15 млрд теңге. Мемлекет оның 25 пайызын сатпақ. Саналы адам оны сатып ала ма? Одан бөлек, футбол командалары бар. Олардың кейбірі саудаға үшінші рет шығып отыр. Бірақ онда бизнес жүргізу мүмкін емес. Сондықтан да сата алмай отыр, - дейді экономист.
Мемлекетке тиесілі компаниялардың қарыздары жекешелендіруге кедергі келтіріп отырғаны туралы экономист Ғалым Құсайынов та айтады. Оның пікірінше, квазимемлекеттік компаниялар қарызды қалағандарынша алып, өзі еншілес компанияға сеніп алған.
- Тұлпар-Тальго компаниясын алайық. Көп компаниялар секілді мұнда да пайдасынан шығыны көп: жыл сайын 3 млрд теңге шығынға батады. Оның қарызын өтейтін өзі банкроттың аз-ақ алдында тұрған – «Қазақстан Темір жолы». Шымкент мұнай-органикалық синтез, Каустик, Майқайың алтын кені кәсіпорындары да жағдайы осындай. Мұндай шығынға ешқандай инвестор батқысы келмейді. Сондықтан сатып та алмайды, - дейді Құсайынов.
Сарапшының айтуынша, мемлекеттен қандай да бір компания сатып алған инвестор сол кәсіпорынның қарыздарын түгелдей мойнына алады. Одан бөлек, 2016 жылдың мамырында елдегі жекешелендіру талаптарын түсіндірген қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік компанияны сатып алушыға жұмыс орындарының бәрін сақтап, ешкімді қызметтен кетірмеу туралы талап қойылаттынын айтқан.
«Талап» қолданбалы зерттеу орталығы Қамқоршылар кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаев билік меншігіндегі компаниялар үкіметтің ажырамас бөлігі екенін алға тартып, мемлекет әрқашан олардың мүддесін «жақтап» тұратынын айтады.
- Ұлттық қор мен мемлекет бюджетінен 2007 жылдан бері мемлекеттік компаниялардың капиталына 33,7 миллиарда доллар «құйылған». Ал одан пайда түріндегі табыс ретінде 1,6 миллиард доллар ғана қайтқан, - дейді экономист.
Сарапшы квазимемлекеттік сектордың болуы, оның шығын алып келуі – мәселе емесін, елде сондай компаниялар болғанына мүдделілер барын, ал бұл мәселе қолдан жасалған жүйе екенін екенін айтады.
Экономист Қасымхан Қаппаровтың зерттеуі бойынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қарызы 17 млрд долларға жеткен. Бұл жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын тең. Finprom сараптама агенттігінің мамандары 2016 жылы мұндай ұлттық компаниялардың табысы 25 пайызға азайғанын хабарлаған.