Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әлемнің қай елдерінде депутаттардың жалақысы жоғары?

Әлемнің қай елдерінде депутаттардың жалақысы жоғары?

Қазақстанда 1 наурыздан бастап парламент депутаттарының жалақысы 30-50 пайызға көтерілді. Қазір олардың жалақысы орта есеппен айына 600-700 мың теңге. Бүгінгі курспен есептегенде бұл - 2 245 доллар. Осылайша, қазақстандық депутаттардың жалақысы еуропалық әріптестерінің табысымен теңесті. Салыстырып көрейік. Шетелдегі депутаттардың ішінде кім көп жалақы алады?

Алғашқы бестікте – Австралия, Нигерия, Италия, АҚШ пен Бразилия.

Business life мәліметіне сенсек, австралиялық депутаттар айына 16 750 доллар алады. Бұл жергілікті халықтың орташа жалақысынан бес есе көп.

Екінші орынға  15 700 АҚШ доллар табыс табатын нигериялық парламентарий шығады. Дәл осы мемлекеттің заң шығарушышы орган қызметкерлерін ерекше атап көрсетуге болады. Себебі олардың жалақысы қарапайым тұрғындардың орташа жалақысынан 100 есеге көп.

Ал алғашқы үштікті қорытындылайтын Италия Сенатының депутаттары 15 160 АҚШ долларын алады. Бұл орташа жалақыдан 5,3 есеге көп.

Еуропадағы елдердің арасында «ең кедей» депутаттар Болгарияда екен. Олар жылына небәрі 16 мың 318 еуро алады. Бұл италиялық депутаттардың жалақысынан 10 есеге аз.

Ұлыбританиялық заң шығарушы органның қызметкерлері 95 мың 319 еуро еңбекақы алады. Депутаттардың жалақысы үшін Біріккен Корольдіктің әрбір тұрғыны жылына 1,20 еуро салық төлейді.

Ал Еуропарламенттегі депутаттардың жалақысы – 96 мың 240 еуро. Британиялық депутаттар 2015 жылы неліктен өздерінің табысы еуропарламенттегі әріптестерінен төмен деген сауал көтерген. Оны сарапшылар сайлаушылардың көптігімен түсіндірген. Мәселен, Еуро одақта 300 млн сайлаушы болса, Біріккен корольдікте олардың саны 45 миллион.

Қазақстандағы депутаттардың жалақысының көтерілуіне қатысты желіде пікір білдірген белсенділердің бірі Ұлыбритания мен елімізді салыстырып көрген. Оның айтуынша, Британияда депутат жалақысы жылына 75 мың фунт. Ал жергілікті тұрғындардың орташа жалақысы жылына 27,200 фунт. Белсенді олардың қатынасын есеген: 75000/27200=2,75. Яғни депутат табысы мен орташа жалақының қатынасы Біріккен корольдікте 2,75.

Қазақстандағы депутаттардың орташа жалақысы 750 мың теңге деп алсақ, қарапайым халықтың орташа жалақысы 143 мың теңге десек, олардың арақатынасы 5,24 болады.

«Алдымен орташа жалақыны өсіру жайлы неге ойланбаймыз?! Мендегі сұрақ осы. Айтпақшы, Британияның ЖІӨ 2,861 трлн доллар (2016) болса, біздің ЖІӨ 116,15 млрд доллар (2015) екен. Айырмашылық айтпаса да түсінікті», - дейді белсенді.

Бұрынғы кеңес елдерінің ішінде депутаттардың жалақысынан көш бастайтындар Ресей, Қазақстан, Грузия мен Украина. Олар сәйкесінше 6752, 2245, 1520 мен 1400 АҚШ долларына тең жалақы алады.

 

Похожие материалы