Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына еңбекке қабілетті 8,5 млн адамның 5,6 миллионы ай сайын табысының 10 пайызын беріп отырады. Олардың 80 пайызының салымдары 1 млн теңгеге жетпейді. Сарапшылар Ұлттық банк зейнетақы қорындағы 1,8 трлн теңгені «жағдайы мүшкіл банктерге» үлестіріп, халықтың қаржысын «тәуекелге тігіп отырғанын» айтады.
Қазақстанның зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Қордың басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның түсіндіруінше, алғашқысы – ең аз мөлшерде мемлекет бюджетінен төленетін зейнетақы. Екіншісі – жұмыс істейтін азаматтың айлық табысының 10 пайызы алынып отыратын міндетті зейнетақы жинақтау жүйесі болса, үшінші жүйеде қандай да бір азамат өз еркімен шотына қосымша қаржы аудару арқылы зейнетақы жинайды. Сарапшылардың пайымдауынша, Ұлттық банк соңғы кездері азаматтардың жеке қаржысын «жағдайы қиындаған банктерді құтқарудың құралы» ретінде пайдаланып отыр. «Қаржылық еркіндік» қоғамдық қорындағы қамқоршылар кеңесінің басшысы Ботагөз Жұманова зейнетақы қорынан алынып, банктерге берілген қаржыны қайтаруға мемлекет кепілдік бермейтінін айтады.
- БЖЗҚ-ның инвестициялық құрылымына қарасақ, зейнетақы қорының 121 млрд теңгесі депозит ретінде елдегі 21 банкке берілгенін көреміз. Бір қызығы, жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері қандай да бір жағдай болғанда қайтарылады деп кепілдік берілгенімен, олардың зейнетақы қорындағы қаржысына мұндай кепілдік жоқ, - дейді ол.
Одан бөлек, сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта зейнетақы қорының инвестициялық декларациясындағы талаптар сақталмай отыр.
- БЖЗҚ-дағы инвестициялық декларацияның 23-бабындағы 3-тармағында қор қаржысы банктерге берілуі үшін бірнеше норма сақталуы тиіс. Яғни, қордан ақша алу үшін банктердің қаржылық көрсеткіші қалыпты, жағдайы қауіпсіз болуы керек. Ұлттық банктің 2017 жылғы ақпанның 1-індегі мәліметі бойынша, елдегі үш банк мұндай талапты бұзған. Оның қатарында 900 млрд теңге қарыз алған ірі банк те бар. Ұлттық банк олардан [қор] қаржысын алып қоюдың орнына, көмектесіп отыр, - дейді Ботагөз Жұманова.
Экономист Жарас Ахметов ел экономикасын зейнетақы қорының қаржысы есебінен дамыту туралы жиі айтатын мемлекет пен Ұлттық банкті сынға алды. Сарапшының азаматтардың қаржысының қауіпсіздігі туралы ойы Ботагөз Жұманованың пікіріне саяды. Оның пайымдауынша, қордағы қаржымыз экономикалық мәселені шешудің құралы емес, қамсыз қарттықтың кепілі болуы тиіс.
- БЖЗҚ-ның негізгі мақсаты – зейнетақы қорының ақшасын сақтау. Бірақ нарықтағы кейбір жағдайларға қарасақ оның өз жұмысын сәтті істеп отырғанына күмән туады. Жуырда бір агрохолдингтің есебін оқып отырып, оның ендігі банкрот болғанына көзім жетті. Ал БЖЗҚ сол компанияның 20 пайыз үлесін иемденіп, акционерлерінің бірі болып отыр. Бұл - ақша жоғалды деген сөз, - дейді ол.
Ұлттық банктегі бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Елена Никифирова «зейнетақы қорының салымшылары ақшаларын ала алмауы» мүмкін деген пікірге жауап беріп, ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 5-бабын алға тартты. Оның айтуынша, аталған бапта мемлекет қандай да бір жағдай болғанда салымшының қаржысын қайтарып беруі кепілдікдендірілгені жазылған. Бірақ экономист Денис Кривошеев бұл да зейнетақы қорының қате жұмыс істейтінінің көрсеткіші екенін айтады.
- Ақшамызды қайтарып береді. Бірақ мемлекеттік бюджет есебінен. Ал мемлекеттік бюджет неден құралады? Әрине, біздің салығымыздан. Демек, біздің ақшамызды алып қойып, жоғалтып, қайтадан өз ақшамызды өзімізге қайтарады. Мұндай жүйемен жұмыс істейтін зейнетақы қорының қажеті жоқ, - дейді экономист.
Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерацияның төрағасы Жұмагүл Тәжібекова зейнетақы қорындағы мәселелер үшін ешкімнің жауапты емес екенін, сондықтан осындай келеңсіздіктер болып жатқанын айтады. Оның пікірінше, компанияларға қордың ақшасын құйып, кейін олар банкрот болғанда «басымен» жауап беретін ешкім жоқ, сосын жауапкершіліктің бәрі мемлекеттің мойнына артылады. БЖЗҚ-ның басқарма төрағасы Нұрбибі Наурызбаева аталған пікірмен келіседі. Маманның айтуынша, жеке зейнетақы қорларыны нашар басқарылған.
- Барлық жеке зейнетақы қорлары біріктірілгенде қорға 161 млрд теңге көлеміндегі проблемалық активтер түсіп, 90 млрд теңге шығынға ұшырадық. Өз басым 600 мың теңге жоғалттым. БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің жақсы басқарылуына қатысты мәселелер ұдайы туындап тұрады. Бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз, - деді басқарма төрағасы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2013 жылы құрылған. Қордың құрылтайшысы әрі акционері - қаржы министрлігі. Зейнетақы қоры Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруында тұр.
Айта кетейік, 2016 жылы зейнетақы төлеуге 1,34 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 9,2 пайызына тең сома жұмсалған. 2017 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 7 пайызға артқан.