Экономика
Выбор редактора
Регионы
Айдың соңында алматылықтар автоматтан қарыз ала бастайды
Алматыда қарызға ақша беретін автоматтардың пайда болғаны туралы осыған дейін хабарлаған едік. Соңғы кездері мұндай автоматтар жылдық сыйақы мөлшерлемесі 900 пайыз болғанына қарамастан сұранысқа ие бола бастады.
Мұнда қарыз алу үшін қолыңда жеке куәлігің болғаны да жеткілікті. Ал "жалақы түскенше қарызға ақша беретін" мұндай құралдың клиенттері - бір айлықты бір айлыққа әзер жеткізіп отырған тұрғындар.
Онлайн кредитке өтініш берушілердің саны әр айдың 25-і жақындаған сайын арта түседі. Мұны "ФинТех қазақстандық ассоциациясы" мен RAEX рейтинг агенттігі бірлесіп анықтаған.
Демек, айдың соңы таяғанда қарыз алушылардың алдыңғы жалақысы таусыла бастайды. Ал келесі жалақыға кем дегенде бір аптадай уақыт бар. Одан бөлек көптеген алматылықтар, банктегі қарыздарын жабу үшін қосымша тағы да қарыз алады.
Зерттеудің нәтижесі бойынша, кредит нарығындағы қарқынды дамып келе жатқан сегмент - "айлыққа дейін" онлайн-микрозаймдары.
Компаниялар арқылы берілген онлайн-микрозаймдардың жалпы сомасы 3,5 есеге өсіп, нарықтың 70 пайызын құрады. Мысалы, 2015 жылы 2,5 млрд теңге болса, 2016 жылы бұл 8,9 млрд теңгеге өскен.
Сонымен, айлыққа дейін аз ақшаны жоғары пайызбен "ала тұру" қалыпты жағдайға айналып барады.
Оған қоса, маректологтар да қарап отырған жоқ. Жарнама берушілердің сайтында "айлыққа дейін қарыз беретіндердің" жұмысы былай келтіріледі: клиент 50 мың теңге алса, оны 5 күн ішінде 56 250 теңге қылып қайтарады.
Бірінші көзге түсетіні бір апта үшін онша көп сома емес, небәрі 6 мыңнан асатын сома. Ал пайызын есептеп қарасаңыз күніне - 2,5%, жылына - 900%. Демек кредиттің мұндай түрі тым қымбат болып көрінеді.
Көбіне қарызды алуы жеңіл болса, әрі оны төлеуге мүмкіндігі аз болса, бұл клиентті кредитті толық өтемеуге итермелейді. Қазіргі таңда кредит нарығындағы аталмыш сегменттегі қайтарылмаған кредиттердің көлемі 35 пайызға жеткен.
Ресейде бұл жоба сәтсіздікке ұшыраған екен. Қазақстандық мамандар да бұл жобаның дамуы мүмкін емес дейді. Терминалдар енді ғана пайда бола бастағанда әлеуметтік желіде белсенді маркетолог Жеңіс Мухиев ауқымының тарлығы мен жоғары пайыздардың жоғары болуы себебінен бұл жоба 1-2 айда жабылып қалады деп жазған еді. Өйткені автоматтың қарыз беруі ел ойлағандай жеңіл емес.
Ол сайтта терминал ешқандай сұрақ қоймастан, ақша береді деген ақпаратқа сеніп, қарыз алмақ болған. Бірақ терминал оның өтінішін қабылдамаған екен. Бірақ, тұрғындар әзірше автоматтардың «тілін тауып» тұрған сияқты. Автомат 900 пайызбен ақша беріп, алматылықтар алып жатыр.
Дереккөз: Информбюро