Алматы. 20 сәуір. 7kun.kz - Алматыда халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. "Феникс" фильмінің түсіріліміне бөлінген қаржыны қолды қылды деп айыпталған Жаманқұлов бүгінгі сотқа келе алмады. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында таралған "ол өзіне тағылған айыптарды мойындады" деген жалған ақпарат оның денсаулығын күрт нашарлатып жіберіпті. Бұны іс басталғалы тұңғыш рет сұхбат берген, Жаманқұловтың жары Дария Жүсіп айтты.
Дария Жүсіп, Т.Жаманқұловтың жары:
- Біз сегіз рет скорый шақырдық бір айдың ішінде ноябрьде. Осының бәріне шыдап келе жатты ол кісі. Түнде сағат үште қатты қиналды. Скорый шақыртқан жоқ, "Дария, шақырмашы, барғым келмейді, ертең сот, сотқа барамын" деген әңгіме болды. Бірақ түске қарай шыдай алмады, скорый шақырдық.
Алты айдан бері азапты күндер өтуде деген актердың жары Дария Жүсіп тілшілермен тұңғыш тілдесті. 17 сәуірдегі сот отырысынан кейін өзін жайсыз сезінген Тұңғышбай Жамақұловтың жүрегі сыр берген. Оған желілерде жазылған жалған ақпарат та себеп болған екен. Ал қорғаушылар әртістің толық ақталып шығуына дәлел аз дейді.
Бақтыгүл Қадырбекова, қорғаушы:
- Қазіргі таңда сот шешімі шығады, сот шешімі бәрін анықтайды. Бірақ дәл қазір іс бойынша жеткілікті дәлелдер өте аз.
Жаманқұловтың қорғаушылары жалған дерек таратқан ақпарат құралдарын заң алдында жауапқа тартуға ниетті. Ал айыптау актісі бойынша Тұңғышбай Жаманқұлов қылмыстық әрекетті бірнеше адаммен бірігіп жүзеге асырды делінген. Фильм түсіріліміне бөлінген 79 миллион теңгенің 69 миллионы қолды болыпты. Бұл іс бойынша жалпы саны 9 адам жауапқа тартылған. Ал төзімді болуды үйрендім деген халық артисінің жары оның кінәсіздігіне сенімді.
«Тазалықпен, шындықпен қарайтын болса, Тұңғышбай Қадыровичтің еш айыбы жоқ. Оны бүкіл халық біледі, қасындағы адамдар, жоғарыдағы адамдар. Бірақ неге мән бермей отырғаны маған үлкен құпия», - деді Дария Жүсіп.
Ал тілші Жарас Ниязбектің айтуынша, айыптау актісімен танысқаннан кейін денсаулығы күрт нашарлаған Тұңғышбай Жаманқұлов қалалық кардиологиялық орталықта жатыр. Ал бүгінгі сот отырысына негізгі айыпталушылардың бірі саналатын Тұңғышбай Жаманқұловтың денсаулығына байланысты қатыса алмау себебінен судья сот отырысын 27 сәуірге белгіледі.
Тұңғышбай Жаманқұлов кінәсін толық мойындағаны туралы ақпаратты басқа БАҚ-мен қатар 7kun.kz-те baistars.kz сайтына сілтеме жасап хабарлаған еді. Отбасы мен адвокаты мойындауға қатысты ақпаратты жалған деп мәлімдегеннен кейін ақпаратты сайттан алып тастауға шешім қабылдадық.