Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Наурызбаева: Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын басқара алады

Наурызбаева: Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын басқара алады

Зейнетақы қорының өткен жылғы жұмыс қорытындысына арналған жиында Ұлттық банктің жинақтаушы зейнетақы (БЖЗҚ) жүйесін реформалау бойынша құжат жобасын әзірлегенін мәлімдеді. БЖЗҚ басқармасының төрағасы Нұрбибі Наурызбаева зейнетақы активтерінің бір бөлігін жекеменшік басқарушы компаниялардың басқаруына беру қалай іске асатынын айтып берді.

БЖЗҚ ақшасын жекеменшік компаниялардың басқаруына беру туралы бұған дейін де талқыланған. Қордың басқарма төрағасы Нұрбибі Наурызбаева Ұлттық банк қазір аталған ұсыныс аясында жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Қазір зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты ұсыныстар әзірленді. онда салымшыларға жинақтарын басқару мүмкіндігін беру қарастырылған. Жобада зейнетақы активтерін басқару үшін қазақстандық та, шетелдік те компаниялар тарту көзделеді, салымшылар осы компаниялардан таңдап, ақшаларын сонда жинақтай алады", – деді қор басшысы.

Бірақ, оның айтуынаша, БЖЗҚ әкімшілік есепшоттар мен зейнетақы төлеуді жалғастыратын есептік орган ретінде қалатынын айтты. Сонымен қатар, жекеменшік ұйымдарды таңдауға қатысты кеңес беру де қор қызметінің бірі ретінде сақталады.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын Сатпаев экономист Рахым Ошақбаевпен және "Қаржылық еркіндік" қамқорлық кеңесінің басшысы Бота Жұмановамен бірге қоғамдық кеңестен шығып кеткені туралы мәлімдеген еді.

Саясаттанушы Facebook парақшасына «Мен қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде зейнетақы қорының қаржысы ретсіз жаратылып жатқанын айтып, жиындарда біз көтерген сауалдар Ұлттық банк пен БЖЗҚ-ға ғана емес, үкіметке де жеткенін қалап едім. Біз осы күнге дейінгі зейнетақы қорының қателіктерін реттеуге әсер ететін ұсыныстарымыздан құралған «жол картасын» әзірлеп, үшінші жұмыс тобын жинақтауға кіріскен еді. Бірақ бұл ұсынысмызды БЖЗҚ басшылығы қолдамады», — деп жазған еді.

Наурызбаева аталған жағдайға қатысты пікірін білдірді.

"Қор жанындағы қоғамдық кеңестің бірнеше мүшеcі және оның басшысы Досым Сатпаевтың кеңестен шығуы біраз талқы тудырғанын білемін. Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты зейнетақы жүйесінің маңызды мәселелері бойынша азаматтық қоғам пікірі мен оны дамыту бойынша ұсыныстарды білдіру болды. Аталған мәселелерді талқылау барысында қоғамдық кеңестің кейбір мүшелерінің кеңес жинақтаушы жүйені ғана емес, базалық және бірлескен бөлігін қоса алғанда, жалпы зейнетақы жүйесін реформалау бойынша ұсыныстарды қарастырып, енгізуі қажет деген ойларын айтты. Бірақ бұл идеяны кеңестің басқа мүшелері қолдамады, себебі ол БЖЗҚ жанынан құрылған және бұл кеңес жинақтаушы жүйе мәселелерімен ғана айналысуы тиіс", – деді ол.

Бірақ БЖЗҚ басшысы құрамында 29 адам бар қоғамдық кеңес өз жұмысын жалғастыратынын айтты.

Айта кетейік, 2016 жылы БЖЗҚ-ында 399 мыңнан астам жеке зейнетақы шоттары ашылды, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен  – 37 778 бірлік, ерікті зейнетақы жарналары есебінен – 6 473 бірлік. Осылайша, барлық келісімшарттар түрлері бойынша ЖЗШ саны 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 10,04 млн бірлікті құрады, оның ішінде ЕЗЖ – 9,58 млн бірлік. ЖЗШ саны МЗЖ бойынша 420 мың бірлікті, ЕЗЖ бойынша – 39 мың бірлікті құрады.

БЖЗҚ-ның табысы 2016 жылы 66,3 млрд теңгеге жетсе, шығын көлемі 40,4 млрд теңгені құраған. Қордың басқарма төрағасы Нұрбибі Наурызбаева әкімшілік шығынның көбі БЖЗҚ-ның жеке ғимараты болмағандықтан, әкімшілік шығынның көбі кеңсе мен бөлімшелерді жалға алуға жұмсалғанын айтты. Одан бөлек, 300 млн теңге салымшылардың зейнетақы шоттарында қанша ақша бар екенін Қазпошта арқылы хабарлауға жұмсалған.

БЖЗҚ-ынан зейнетақы төлемдерінің сомасы 2016 жылы 169,69 млрд теңгені құрады, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар 22,69 млрд теңге. Салыстыру үшін – 2015 жылы төленген зейнетақы төлемдерінің және аударымдарының сомасы 141,12 млрд теңгені құрады, оның ішінде сақтандыру компанияларына аударымдар сомасы 24,23 млрд теңге болды.

2017 жылдың І тоқсанында зейнетақы активтері 153,6 млрд теңгеге өсіп, 2017 жылғы 1 сәуірде 6,84 трлн теңгені құрады. Негізгі үлесі – барлық зейнетақы жинақтарының 98% міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған. Есептік тоқсанда  87,4 мың ЖЗШ ашылды. 2017 жылдың алғашқы үш айында таза инвестициялық табыс сомасы 51,45 млрд теңгені құрады.

2017 жылғы қаңтар-наурыз айларында БЖЗҚ-ынан төлемдер сомасы 77,35 млрд теңгеге тең болды, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар 6,04 млрд теңгені құрады.

Похожие материалы