Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы пара алғаны үшін сотталды
Ақтау. 11 мамыр. 7kun.kz - Ақтауда Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр сотталды. Сотта оның қоластындағылардан ақшалай қаражат бопсалаған төрт дерегі дәлелденген. Бұл туралы Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс материалдарына қарағанда, Марал Қадыр қоластындағы қызметкерлерден жұмыстан шығарамын деп қорқытып, ақша бопсалаған.
"Марал Қадырға қатысты тергеу 2016 жылдың қазанында жәбірленушілердің арызы негізінде басталды. Тергеу 2017 жылдың ақпанында аяқталды. Осы уақыт бойы күдіктінің телефонмен сөйлесуі бақылауға алынды, сондай-ақ, оның жеке кабинетіндегі әңгімелер жазылды. Тергеу кезінде азаматша Марал Қадырдың өз қоластындағылардан және облыстық денсаулық сақтау басқармасына келгендерден ақша бопсалаған төрт дерегі анықталды", - деп мәлімдеді соттың төрағасы Мәлік Кенжалиев.
Оның айтуынша, бірінші жағдайда Марал Қадыр қызметкерлерден 30 мың теңге бопсалаған, екінші жағдайда ол немересін емдетуге келген адамға қолғабыс көрсету үшін 15 мың теңге талап еткен. Ал үшінші дерек бойынша, ол Ақтау қалалық №1 ауруханасының бас дәрігерінен 100 мың теңге бопсалаған. Бұл ақшаны бермеген жағдайда, жұмыстан шығарамын деп қорқытқан. Төртінші эпизод туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Т. деген азаматқа қатысты. Одан екі жүз доллар бопсалған, мұнда да ақша бермеген жағдайда жұмыстан шығаратынын айтып, қорқытқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ж. және Т. деген азаматтардан пара алу сәтінде ұсталды.
Сот төрағасының сөзінше, тергеудің бастапқы кезеңдерінде Марал Қадыр өз кінәсін толықтай мойындаған, бірақ кейін бұл көрсетпесінен бас тартып, тергеу кезінде қысым көрдім деп мәлімдеген.
Марал Қадырды сот ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 1,4-тармақтары бойынша айыпты деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды. Бопсалаушы жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді және мүлкі тәркіленеді.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz