Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz - Алматыда 23 мамыр күні банктен 15 миллион теңге тоналған. 30 секундтың ішінде 15 миллионды қолды қылып, қашып үлгерген қылмыскерлер, ірі көлемдегі ақшаның қай кезде шығатынын алдын ала білген көрінеді, деп хабарлады 31 арна.
Шабуыл кезінде екі адам соққыға жығылғаны белгілі болды. Банктен 15 миллион 670 мың теңге алып, көлігіне бет алған фирманың бас бухгалтері мен оның әріптесі тонаушыларға тап болған. Еуропалық келбеттегі зіңгіттей екі азамат жігітті бір ұрып, келіншектің қолындағы сөмкені күштеп жұлып алған. Жағы сынған азаматты жедел жәрдем ауруханаға жеткізіп, оған шұғыл түрде ота жасауға тура келіпті.
Полиция қарақшылық шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар қылмыскерлер алыстан келмейді деген ойда. Осы оқиғадан кейін банк қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қылмыскерлерді ұстау үшін полициямен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
ТИМУР СТАМҚҰЛОВ, Банктің қауіпсіздік департаментінің өкілі:
- Қазқкоммерцбанктің барлық бөлімшелерінде қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған. Егер банкте қылмыстың шешілуіне қандайда бір үлес қоса алатындай фото не видео жазбалар болса прокурор санкциясынан кейін біз оны беруге дайынбыз.
Алматы қалалық ішкі істер департаменті осы оқиғаға қатысы бар деген үш күдіктіні ұстады.
Алматыда қарақшылардың ірі көлемде ақшаны қолды етуі бірінші рет емес. Бұған дейін де қылымыскерлер Ресейлік кәсіпкердің көп ақша алғанын біліп тонаған. Полиция бұл қылмысты аталған компанияда істейтін адамның нұсқауы бойынша екі адамның жасағанын анықтаған.